Балалар терезеден құлап қалмасын!
Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың маусым айында Қызылорда қаласында 2 жасар бала төртінші қабаттан терезеден құлап, қаза болды.
Өткен жылы облыс бойынша 1-10 жас аралығындағы 4 бала терезеден құлап, ауруханаға жатқызылған болатын. Қазіргі таңда балалардың терезеден құлау жағдайы азаяр емес. Осыған мәселеге орай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналардың сақтық шараларды мұқият қадағалауын сұрайды.
Жалпы балалардың терезеден құлауы көп жағдайларда ата-ананың жауапсыздығынан немесе қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауынан болып жатады. Себебі, әлі оң-солын танып үлгермеген балаға ата-аналар жауапкершілікпен қарап, абай болу керек. Кішкентай балаларға терезе – қызықты зат. Әр ата-ана оның балаларға ойыншық еместігін ұғындыру керек. Екі жасқа дейінгі баланың бойы терезеге жетпесе, екі-үш жастағы баланың терезеге көтеріліп көшеде болып жатқан жағдайды қызықтауға шамасы келеді. Қазіргі заманғы терезелердің көбі шыбын-шіркейден қорғайтын тор перделермен жабдықталған. Бұл шыбын-шіркейден қорғағанымен, баланы құлап кетуден сақтай алмайды. Мұндай торлар балалардың салмағын көтермей жыртылып кетеді. Сондықтан әрбір адам шыбын-шіркейден қорғайтын тор пердені қолданбау жағын қарастырып, мүмкіндік болса, терезенің жоғары, баланың қолы жетпейтін бөлігіне шынжыр ілгек орнату керек. Терезенің тұтқасын мүлде алып тастау керек немесе кілтпен ашылатын тұтқа орнату қажет. Қауіпсіздік пен сыртқы көркемдікке арналған арнаулы құлып-қоршау қолдану сынды сақтық шаралары да балаларыңызды оқыс жағдайдан құтқаратыны анық.
Жалпы, кішкентай балалар тып-тыныш бола қалса, бірдеңені бүлдіруде деген сөз. Баланың психологиясы сондай. Сондықтан да ата-аналар жайбарақат отырмай, олардың не істеп жатқанын әр секунд сайын қадағалау керек.