СОТ ШЕШІМІМЕН БАНКТІК ҚАРЫЗ ӨНДІРІЛДІ
Қазалы аудандық сотында талап қоюшы «Борышкерлермен жұмыс бюросы» ЖШС-нің жауапкерден қарызды өндіру туралы талап арызы қаралды.
Талап арыз сот өндірісіне тараптарды шақырмай, пікір, дәлелдемелер және басқа да құжаттарды беру үшін мерзім белгілеп, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауға қабылданды.
Сотқа белгілеген мерзімде жауапкерден қойылған талап бойынша қарсылық және оны дәлелдейтін құжаттары түскен жоқ.
Азаматтық істің құжаттарынан анықталғандай, «Альянс Банк» АҚ-мен жауапкер арасында несие беру туралы шарт жасалған, шарт талабы бойынша банк жауапкерге 410140 теңге несие берген. Жауапкер шарт бойынша өз міндеттемелерін көрсетілген мерзімде орындамай, төлемнің мерзімін өткізіп алған және қазіргі кезге дейін шартта келісілген төлемді түсірмеген.
Талап қоюшымен ұсынылған құжаттарды, берешекті растайтын несие беру туралы келісім шартты зерттей келе, сот берешекті өндіру туралы талапты толығымен қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметі