«ҚЫЗЫЛОРДА: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ»
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет Үйінде Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған «Қызылорда: кеше, бүгін, ертең» атты тарихи-танымдық кеш болып өтті.
Ұйымдастырылған шараның басты мақсаты, тарих қойнауында қатпарлы ізі қалған талай оқиғаның құрбанына айналған жандарға пана болған, сан ұлт пен ұлысты жатсынбай бауырына басқан алты Алаштың анасы, Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласының 2 ғасырлық тарихындағы жетістіктері мен айтулы кезеңдері туралы кеңінен насихаттау.
Осындай мағыналы кеш барысында қала әкімі Н.Нәлібаев барша қызылордалықтарды 200 жылдық мерейтоймен құттықтап, жүрек жарды тілегін жеткізді.
Тарихи-танымдық кеш барысында саясаттанушылар, тарихшылар мен әдебиетшілер, қоғам қайраткерлері Қызылорда қаласының қалыптасу тарихының әр кезеңіне тоқталып жеке-жеке баяндады.
Сонымен қатар, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған, өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалды.
А.Тоқмағамбетовтың «Қызылорда» поэмасын оқыған «Жастар театрының» әртістері, мағыналы кештің мазмұнын арттырды.