СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ
Тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін, қоғам дертіне айналған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Үлкен әлеуметтік дерт болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отыр.
Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс.
2015 жылы Елбасымыз ұсынған үздік отыздыққа апаратын «100 нақты қадамның» 3-ші қадамында ҚР Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу мәселелері айтылған болатын.
2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны және Елбасымыз айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-ші қадамында «жемқорлыққа қарсы күресті күшейту», сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құруды» жүзеге асыруға бағытталғанын айта кеткеніміз жөн.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке азаматтармен және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен бірге, мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отырғаны белгілі. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсаты. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барша ел азаматтарының азаматтық борышы.
Осыған байланысты Қызылорда қалалық әділет басқармасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» жөніндегі насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Аталған бағытта атқарылып жатқан шаралардың басты мақсаты – мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттары қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыру жолымен қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.
Елбасы Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру – аса маңызды міндет екендігін атап көрсеткен болатын. Бұл сыбайлас жемқорлықпен күресудің маңызды қыры. Елбасының бүгінгі таңда алға қойып отырған міндеті мен талабы да осы.
Олай болса қоғам, оның әрбір мүшесі болып жемқорлықпен күрес жүргізуіміз қажет.
Т.ҚОСМҰРАТОВ,
Қызылорда қалалық
әділет басқармасының бас маманы,
ҚР «Заңгерлер» одағының мүшесі