ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ТӘЛІМГЕРЛЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ СЛЕТІ ӨТТІ
Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінде ішкі істер органдарының жас қызметкерлері мен олардың тәлімгерлеріне арналған слет болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты шараға ішкі істер органына жақында қабылданған 60 жас қызметкер, олардың тәлімгерлері және ішкі істер органдары ардагерлері және жеке құрам қатысты.
Шара барысында Кадр жұмыстары басқарма бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бисен Бағлан алғы сөз алып, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етуде ішкі істер органдары қызметкерлеріне жауапты міндет жүктелетінін ескеріп, жоғарғы буын қызметкерлер мен тәлімгерлер жас қызметкерлердің бойына ұлтжандылық қасиетін сіңіріп, өз үлгісі арқылы Қазақстан Республикасы заңдарына деген құрметін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Ішкі істер органдарының ардагерлері де өздерінің естеліктері мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жас қызметкерлерге жауапты қызметтерінде сәттілік тіледі.
Шара кезінде слетке қатысушыларға ОІІД-нің арнайы техникалары таныстырылып, оларды қолдану тәсілдері түсіндірілді. Сонымен қатар жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің ұрыс кезіндегі әдіс-тәсілдері, шабуыл кезіндегі қызметкерлердің қорғаныс тәсілдері көрсетілді.
Мерекелік шара соңында слетке қатысушыларға департаменттің Жедел жоспарлау орталығының жұмысы, мұражай таныстырылып, Қызылорда өңіріндегі полицияның құрылуы мен даму тарихы жан-жақты түсіндірілді.