ЫНТЫМАҚ ЫРЫСҚА КЕНЕЛТЕДІ
28 сәуір күні Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» атты тақырып аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма алтыншы сессиясы өткізілмек. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, ел ішіндегі бірлікті нығайтуды көздейтін шара қарсаңында біз де облыстық ҚХА-ның өңірде атқарып жатқан жұмыстарын саралағанды жөн көрдік.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен елдің тұтастығын сақтауда, Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда түрлі игі шаралар мен келелі жұмыстар атқарып келеді. Негізгі шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы мен қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер аясында іске асуда.
Елбасы бастамасы болған “Рухани жаңғыру” бағдарламасы барысында «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім», «Қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі», «Өңірлік қайырымдылық жасаушылар форумы» мен «Ұлы Дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы жобалары қолға алынды. Экспедиция екі кезеңнен тұрды. Оның құрамына этномәдени бірлестік ардагерлері, орта буын өкілдері мен жастар, ғалымдар енді. Олар Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысының тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіштері Отырар, Сауран, Сығанақ сияқты ортағасырлық қалалары мен Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Жанкент қаласы, Жанқожа батыр ескерткіші, Қорқыт ата кешені және т.б. киелі жерлерді аралап, өлке тарихымен сусындады.
Ал қайырымдылық жасаушылар форумы шеңберінде туған жеріне, өзі өсіп-өнген өлкесіне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып, қолдау білдіріп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.
– Бүгінде облыс көлемінде жүрегі жомарт жандардың қолдауымен 815 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 300 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қайы¬рымдылық жасаушы кәсіпкерлер мен меценат¬тардың деректік қоры жасақталып, әлеуметтік көмекті қажет етуші тұрғындарға нақты қолдау көрсетілуде. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде аймағымызда меценаттардың саны артады деп күтілуде, – дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Ләйлә Төрешова.
ҚХА-ның бастамасымен облыста алғаш рет саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дәстүрлі «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық шара өткізілді. Бұл форумға облыстық ғылыми-сарапшылық топ өкілдері белсене араласты. Осы ретте айта кеткен жөн, ҒСТ-ның бастамасымен саяси ғылымдарының кандидаты М.Насимовтың «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» атты монографиясы жарық көрді. Халқымыздың «ұлттық кодын» тарихи сана арқылы сақтауға бағытталған бұл халықаралық шараның кейінгі ұрпаққа берері көп.
– 2018 жыл Қазақстан халқы үшін тек «Рухани жаңғырудың» бастапқы сатысы ғана емес, сонымен қатар, Жолдауда айқындалғандай, жаңа технологиялық дәуірге қадам басуымен ұштасады. Осылайша Елбасы Қазақстан халқының ұлттық бірлігін нығайтудағы тағы бір механизмді іске қосты. Атап айтқанда, этносаралық қатынастағы «тілдік барьерді» жоюға ауқымды қадамдар жасалуда. Аталған бағыт бойынша облыстық Ассамблея тарапынан үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, Достық үйінде тілдерді оқыту кабинеті жүйелі жұмыс жүргізуде. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Қазақ тілі этнос балалары мен жастары үшін 63 сағаттық оқу бағдарламасы негізінде аптасына 2 реттен оқытылса, ал ағылшын тілінің оқытылуы 72 сағатты құрап отыр. Ұсынылып отырған бағдарлама бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген деңгейлерде мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқытуды қажет ететін тіл үйренушілерге арналған. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында облыс көлемінде 1944 бала қазақ тілін меңгерді,– дейді хатшылық меңгерушісі.
Облыстық ҚХА атқарып жатқан ауқымды шаралар мұнымен толастамайды. Өңірдің барлық буын өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, ұлт мүддесі жолында ұтымды жұмыстар жасап отырған құрылым жастар тәрбиесі бағытында толымды жұмыс жасап, олардың қоғамнан өз орнын табуына атсалысып келеді. Мәселен, Ассамблеяның Жастар қанаты өңірдің жастарын тарту мақсатында 40-тан астам түрлі форматтағы шара өткізген. Олардың қатарында мерекелік кештер, қайырымдылық, спорттық және интеллектуалдық сайыстар, ғылыми-танымдық шаралары бар. Сондай-ақ, ҚХА-ның бағыт-бағдарын, қоғамдық келісім мен бірліктің маңызын насихаттау мақсатында оқу орындарында, түрлі этнос жастары арасында кездесулер ұйымдастырды. Мұнымен қоса, Жастар қанатының еріктілері ҰОС және тыл ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында қайырымдылық акциялар мен кештер өткізіп, «Қамқор» қайырымдылық концертін берді. Жастар қанаты белсенділерінің облыстық слетінің өтуі де жастарға тың серпін берді. Слет жұмысына 100-ге жуық жас қатысып, олар көшбасшылық және шешендік шеберлік бағытында семинар-тренингтен өткен.
Мәселені сотқа жеткізбей, дау-дамайсыз шешуді алғаш болып қолға алған Сыр өңірі екені белгілі. Бүгінде бұл бағыт бойынша да облыста жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда аймақта 57 кәсіби және 615 кәсіби емес медиаторлар бар. Осы орайда Достық үйінде және аудандарда медиация кабинеттері жұмыс жасауда. 2017 жылы барлығы 321 даулы жағдай шешімін тапса, 2018 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 338-ге жетіп отыр. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық бақылауын жүргізетін Қоғамдық келісім кеңестерінің саны өңірде 165-ке жеткен.
– Бізде кеңестер барысында дауларды баламалы шешу ұғымы және медиация, діни экстремизмге қарсы тұру және алдын алу, рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру мен жастар тәрбиесіндегі Қоғамдық келісім кеңестерінің орны, күтілетін нәтижелері төңірегінде мәселелер қаралады. Сонымен бірге, Қоғамдық келісім кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелерінен жасақталған ақпараттық-насихаттық топ түрлі ірі өнеркәсіп нысандарына барып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, «Мәңгілік Ел» идеясын, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жыл бойы этномәдени бірлестіктердің ашық есік күндері және ұлттық мерекелері аталып өтті. Қазіргі күні Ресей Федерациясының Татарстан Республикасымен Қызылорда облысының экономикалық, әлеуметтік-мәдени әріптестігін дамыту мақсатында «Жол картасы» жасалып бекітілді. Жол картасы шеңберінде түрлі мәдени және ұлттық мерекелерді бірлесіп өткізу бойынша шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, қыркүйек айында Республикалық «Сабантуй-Сомбэле» мерекесін өткізу жоспарланды. Шараға Татарстан Республикасының тұңғыш президенті М.Шаймиев, республиканың қазіргі президенті Р.Миннихановтың қатысуы белгіленіп отыр, – деді Л.Бегалықызы.
Биылғы жыл да облыстық ҚХА үшін айшықты істермен басталды. «Славяне» қоғамдық мәдени бірлестігінің 20 жылдық мерекесі, белгілі педагог Нағима Ахмадееваның 100 жылдығы аталып өтілді. Сонымен қатар, Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында облыстық ҚХА тарапынан 200-ге жуық мәдени шара жоспарлануда.
Жалпы, өңірдегі түрлі шараның өтуіне ұйытқы болып, ел ішіндегі ынтымақты жарастырып отырған облыстық ҚХА-ның алдағы мақсаты нық, межесі айқын.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ