МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ РЕФОРМАЛАУДЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғаш рет мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы Ұлттық баяндама ұсынылды. Президент тарапынан құжатта көрсетілген маңызды ұсыныстар толық қолдау тапты. Осы бойынша өңірлерде қарқынды жұмыстар атқарылуда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осы мәселе кеңінен талқыланды. Басқосуға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Райхан Ысқақова қатысты.
«Жалпы, мемлекеттік аппаратты құру және дамыту 3 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың 2-кезеңі жүріп жатыр. Енді Елбасының Ұлт жоспары негізінде мемлекеттік қызметті реформалаудың үшінші кезеңі басталды. Пәрменді жұмыстардың нәтижесінде кадр тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Өзге өңірлер арасында біздің облыста кадр тұрақтылығы ең жоғарғы деңгейде", - деді А.Мұхимов.
Сондай-ақ, Р.Ысқақованың айтуынша, мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуіне жан-жақты жағдай жасалуда. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасына оқуға түсуге ынтасы бар мемлекеттік қызметшілердің көпшілігінің ағылшын тілін білу деңгейі өте төмен. Осы мақсатта бүгінде филиал базасында тегін ағылшын тілінің деңгейлік оқыту мүмкіндіктері қарастырылуда.
Сонымен қатар, Ұлттық бюро тарапынан жазадан құтылмау принципін қамтамасыз етумен қатар, қылмыс деңгейін төмендету, азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша да жұмыстар жүріп жатқаны айтылды.