АМАНАТ НЕМЕСЕ ЫБЫРАЙДЫҢ КЕТПЕНІ
Шаруақор кісіге киелі екі құрал бар: бірі – шопанның таяғы, екіншісі –диқанның кетпені. Аялы алақанның табы тиген, тер сіңген қасиетті құралды еңбектің ащы-тұщысын татқан, адал маңдай тердің қадір-қасиетіне қаныққан, аманатты арқалай алатын азаматқа тапсыру ежелден бар.
Мыңның біріне бұйыратын сол аманат бүгінде ұмытылып бара жатқан болар, бірақ кешегі кісілердің көз алдында. Аманатқа ие болу – үлкен сенімді сезінудің сипатындай салмақ еді! Біз даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың киелі кетпенін қолынан аманаттап алған кісіні Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылынан таптық. Ол – бүгінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кешегі «Тыңның 30 жылдығы» атындағы атақты комсомол жастар бригадасының бригадирі Молдахмет Ибрагимов.
– Бұл оқиға 1981 жылдың мамыр айы болатын. Күріш егуді енді аяқтаған кезіміз. Комсомол жастар бригадирлерін Шиелі ауданында жинап жатыр деген тапсырма түсті. Содан Жаңақорған ауданынан екі кісі бардық. Басқа аудандардан да өкілдер бар. Біз «Қызыл Ту» шаруашылығының кеңсесіне келдік. Онда райком хатшысы Фируза Жүсіпова күтіп алды, шақырылу себебін түсіндірді. Арамызда мал шаруашылығымен айналысатын бригадирлер де болды, бірақ дала академигі «олардың маған қатысы жоқ» деген сыңайлы. Не керек, Ыбырай Жақаевтың кетпені маған бұйыратын болды. Көп ішінен мені өзі таңдап алған-ау, үлкен ықылас қойғандай көрінді. Орда бұзар отыз екі жастамын, ел мақтанышына айналған абыз атамын қатар тұру қімге болсын мәртебе. Өзі бойшаң, тұлғасы тіп-тік, денесінде бір сылым артық еті жоқ, қараторы кісі екен. Салмақты мінезіне салып, қолымды алды. Сөйтіп кетпенін ұстатып тұрып:
– Шырағым, жерді алдама, – деп бір ауыз ғана сөз айтты. Мұнысы – жерді баптап, құнарын сақтап, ырыс жина дегені еді.
Кейіннен осы сөзді шариғат хадистерінен де кезіктірдім. Қамшы сөз қанаттандырды, ширатты. Сол кетпен мені тұғырлы табыстарға жеткізді, – деді Молдахмет Ибрагимов.
Қос жұлдызды Ыбырай Жақаев өз аманатын тапсырып, қыркүйек айында өмірден өтті. Бұл оның соңғы сенімі еді.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Қызылорда қаласы