«ҮЗДІК ЖАСАҚ ТӘРБИЕШІЛЕР КЕҢЕСІ» КОНКУРСЫ ӨТТІ
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЗК-169/5 мекемесінде «Үздік жасақ тәрбиешілер кеңесі» атты конкурс өтті. Байқауға ЗК-169/1 мекемесінің арнайы контигент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бойынша бөлімінің бастығы Н.Ерниязов, ЗК-169/4 мекемесінің жасақ бастығы Б.Мектепов, ЗК-169/5 мекемесінің жасақ бастығы С.Сейдахметов қатысты.
Конкурстың мақсаты – жасақ тәрбиешілер кеңесі төрағаларының бірлігін нығайту, беделін арттыру, моральді-психологиялық ахуалын жақсарту және сотталғандармен тәрбие жұмысы сапасын арттыру болып табылады. Конкурс 4 сатыдан тұрды. Оның бірінші сатысы сәлемдесуден тұрса, кейінгілері эмблеманы сауатты таныстыру және жасақ тәрбиешілерінің жұмысы туралы қысқаша айту болды.
Екінші сатысы бойынша жасақ жағдайында тәрбие жұмысын ұйымдастыру, сабақтарды өткізу, жеке сұрақтармен қабылдау, ЖТК отырысын өткізіп ұйымдастырудағы жаңа әдістер туралы бейнеролик көрсету.
Үшінші сатыда қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал соңғы сатыда конкурсқа қатысушылар бекітілген нормативке сәйкес дене-күш дайындығынан сынақтар тапсырды.
Конкурсқа департаменттің сала басшыларынан құралған әділқазылар алқасы қазылық етті. ЗК-169/5 мекемесінің жасақ бастығы С.Сейдахметов конкурстың 2-кезеңі бойынша жасақ бастығының бір күндік жұмысы туралы өз видеоролигін ұсынды. Онда жазасын өтеушілерге таңертеңгі тексерістен бастап, кешкі ұйқыға жатқанға дейінгі күн тәртібіне сәйкес іс-шаралар қамтылған. Алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша қойылған сұрақтарға ЗК-169/4 мекемесінің жасақ бастығы Б.Мектепов мүдірмей жауап берді.
Соңғы кезеңде қатысушылар денешынықтыру нормативтері сынағынан мүдірмей өтті. Осы тұста ЗК-169/4 мекемесінің жасақ бастығын айрықша атап өту қажет. Қазылар алқасы конкурсқа қатысуышылардың кәсіби шеберлігіне, сауаттылығына, шешім қабылдау және жауаптардың дұрыстығына, сондай-ақ тапсырманы орындаушылық шеберлігіне көңіл бөлді.
Соңында қазылар алқасының шешімімен ҚАЖ Комитетінің «Үздік жасақ тәрбиешілер кеңесі» конкурсына Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті атынан қатысуға жолдаманы ЗК-169/4 мекемесінің жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты Б.Мектепов жеңіп алды.
Дана ДОСТАНОВА