Қазалыда тұрмысы төмен 5 отбасыға пәтердің кілті табысталды
Kyzylorda-news.kz. Қазалыда тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға қайырымды жандардың қолдауымен салынған тұрғын үйдің кілті табысталды.
Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге келген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының белсенді азаматтарына алғысын айтты. Сондай-ақ, аудан басшысы жыл басынан бері аудан көлемінде де түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, көмек көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті.
«Ауданда жыл басынан бері тұрмыстық жағдайы төмен 2300-ге жуық отбасыға 6 млн 873,2 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, жанашыр жандардың қолдауымен бірқатар жанұяларға азық-түлік пен киім-кешектер алып берілді», – деді аудан басшысы.
Ал, ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Әбуов қиналғандарға қол ұшын созып, жанашырлық танытқан қайырымды қазалылықтарға ризашылығын білдірді.
Мұнан соң жаңа салынған тұрғын үйдің кілттері тұрғындарға салтанатты түрде табыс етіліп, бірқатар қайырымды жандар «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешіт пен «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Айта кетейік, бес отбасыға арналып салынған тұрғын үйдің құрылысын ауданның «Жанқожа батыр» атындағы мешіттің жамағаттары құрған «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қоры жүргізді. Қайырымдылық қорға «Жанқожа батыр» орталық мешіті жамағатымен қатар, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, аудан кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған. Қорға жиналған 10 млн теңгеге жуық қаржының есебінен аудан орталығы – Әйтеке би кентінен жалпы көлемі 1000 шаршы метр жер учаскесінен 5 отбасыға арналып тұрғын үй салынды.