Аралдық түлектер аттестат алды
Kyzylorda-news.kz. Барлық орта мектептерде түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындап, білім ордасын тәмамдаған тағы бір жас толқын үлкен өмірге қанат қақты.
Арал ауданы Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектебінде өткен түлектерге аттестат тапсыру рәсіміне аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты. Аталған білім ордасын бітіруші 41 түлектің арасынан 4-еуі «Алтын белгі», 3-еуі «Үздік аттестат» иегері атанып отыр.
«Бүгін Сіздер үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан өтіп, келесі биік сатыларына қадам басқалы тұрсыздар. Жоғары білім алып, Отанымыздың білікті маманы болып, еліміздің дамуына, ауданымыздың өркендеуіне зор үлес қосады деп сенемін. Қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңа тілектеспін!»-деді аудан басшысы.
Одан соң, мектеп бітірушілер атынан «Алтын белгі» иегері Сабира Қуанышова барлық ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтып, олардың артқан сенімдерін ақтауға тырысатындықтарын жеткізді.
Салтанатты шара мектеп бітіруші түлектердің вальсімен жалғасты.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында аудан бойынша 733 оқушы орта мектепті аяқтаса, олардың арасынан 41-і «Алтын белгі» иегері, 11-і «Үздік аттестат» иегері атанды.