ТҮЛЕКТЕР ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ҚАДАМ БАСТЫ
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қаладағы №2 Мұрагер мектебінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Жиында барша мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, білімді, биік парасатты және еліміздің үлгілі азаматы болып өсуін тіледі.
– Бүгінгі күн түлектерді шығарып салатын уақыт емес, бұл бір жылдық оқу жылын таразылап, алдағы бағыт-бағдарды межелейтін уақыт. Тәуелсіздік алған жылдан бері еліміз білім сапасына үлкен мән беріп, Елбасы тәуелсіз елдің іргесін қалауда алдымызға бірқатар міндеттер қойды. Осы ретте біздің аймақ Ұлт Көшбасшысы жүктеген межені бағындыра білдік. Мәселен, 2013 жылы облысымызда 3 аусымдағы мектептер толығымен жойылса, соңғы екі жылда апатты жағдайдағы мектептер өз шешімін тапты. Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбиемен балаларды 100 процент қамтуға қол жеткіздік. Жыл сайын білім саласына бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны да артуда. Оның ішінде Қызылорда облысы Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының грантына қол жеткізіп отырған бірден бір аймақ. Мұның барлығы жастарға жасалған зор мүмкіндік. Араларыңызда осындай білімді жастардың, түрлі грант иелерінің бар екендігін естіп қуанып отырмын. Осы білімдеріңіз арқылы сіздер еліміздің үлгілі азаматы болады деп сенемін, – деді Р.Рүстемов.
Білім ошағында биыл 107 оқушы мектептен түлеп ұшпақ. Түлектердің бірқатары түрлі жоғары оқу орындарының грант иегерлері болып үлгерген. Соңғы қоңырау соғу рәсімі сондай талантты жас, Оңтүстік Корея елі университетінің, С.Демирел атындағы университеттің, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дың, Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім грантының иегері Ақпан Дінмұхаммед пен 1-сынып оқушылары Мансұр Қалдан және Ақтоты Нұрмановаға бұйырды. Жиын барысында бітіруші түлектер ұстаздарына алғыстарын жеткізіп, көкке шарлар ұшырды. Сондай-ақ мектеп вальісін биледі.
– Бүгін мен үшін өте маңызды күн. Жаңа белеске қадам басып, он бір жыл білім алған мектебіммен қоштасып жатырмын. Үлкен тебіреністе тұрмын. Осындай дәрежеге жеткізіп, сапалы біліммен сусындатқан ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Біз қандай жетістікке жетсек, олардың барлығы осы мұғалімдерімнің арқасы, – дейді мектеп бітіруші түлек Інжу Руслан.
Бұл күн балалық шақпен қоштасып, талапты жастардың жаңа өмірге қадам басатын күні. Бүгінгі жас түлектердің ата-аналарының көңіл күйі де ерекше.
– Менің кенже балам мектеп бітіріп жатыр. Қуанып та, толқып та тұрмын. Балама және оның сыныптастарына алдағы ҰБТ-дан ойдағыдай шығуына тілектеспін. Балаларды білім нәрімен сусындатып, саналы азамат етіп тәрбиелеген ұстаздарына тек алғысым білдіремін, – дейді ата-ана Лаура Рахметова.
Айта кету керек биыл облысымызда 293 мектептен 7113 оқушы түлеп ұшады. Оның 343-і “Алтын белгі” иегері.
М.ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”