БІЛІМ САЛАСЫ БАҒЫНДЫРҒАН БИІК КӨП
Бүгін өңірлік коммуникация қызметінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің қатысуымен брифинг өтті. Облыс басшысының орынбасары БАҚ өкілдеріне мәдениет, денсаулық, спорт салаларының өткен жылғы көрсеткіштері туралы айтып, осы салаларда Елбасы Жолдауына орай жүзеге асырылуы тиіс шаралар легін баяндады.
Бүгінде облыс бюджетінің қомақты бөлігі әлеуметтік саланы жетілдіруге бағытталып отыр. Әлеуметтік салаға қаржы бөлу көлемі бойынша біз елімізде бірінші орындамыз.
Өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін өңірде орта білім беру саласында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі түбегейлі шешілді. Өткен жылы мектеп бітірген 6196 түлектің 4123-і жаңа форматтағы ҰБТ сынағынан өтіп, орташа 82,4 балмен республика бойынша өз білім деңгейлерінің жоғары екендігін тағы да дәлелдеді. Нәтижесінде бітірушілердің 97%-ы колледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде білім алуда. Облыс бойынша қазіргі таңда аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы үш университетінде барлығы 452 студент Қызылорда облысы әкімдігімен меморандум аясында Ресей Федерациясы бюджеті есебінен білім алуда. Кең жолақты интернет желісімен облыстағы 293 мектептің 207-і қамтамасыз етіліп, бұл 70,6 пайызды құрады.
Өткен жылы аймақтың барлық мектебі интерактивті білім беретін контентке қосылды. Облыстағы 659 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде 553 балабақша мен 106 шағын орталықтарда 60597 бала тәрбиеленуде. 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 62,4 %-ды, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 100%-ды құрап отыр. Балабақшалардың 71,2 пайызы жекеменшік балабақшалардың үлесінде, – деді Руслан Рүстемұлы.