«Жолда қабылдау»: 2 сағат ішінде 300-ге жуық өтініш келіп түсті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылордада республикалық «Жолда қабылдау» акциясының келесі кезеңі басталды. Акция барысында бүгін 2 сағат ішінде мамандардан 300-ге жуық облыс тұрғындары кеңес алды.
Халықпен кері байланысты орнату бойынша полиция бөліністері басшыларының тұрғындармен жеке кездесуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан акция облыстың барлық аудандарында және облыс орталығында өткізілуде.
Қазіргі таңда «Жолда қабылдау» акциясы облыс орталығында Д.Қонаев пен А.Тоқмағанбетов көшелерінің қиылысы, Ғ.Мұратбаев-Яссауи көшелерінің қилысы, Н.Назарбаев даңғылы бойында орналасқан облыстық медицина орталығының алдында өтіп жатыр.
Мобильдік қабылдау кезінде тұрғындарға электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігі, онлайн режимде айыппұлды төлеу, тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану тәртібі туралы құқықтық кеңестер берілуде.
Сонымен қатар, облыс және қала тұрғындары департаменттің әлеуметтік парақшалары және де «жедел желі» арқылы толғандырған сауалдарын жолдай алады.