Шетелдік арзан жиһаз сатушылар отандық өндірушілердің өрістеуіне кедергі келтіруде
Kyzylorda-news.kz. Бірінші шілдеден бастап, отандық жиһаз өндірушілерге индустриалдық сертификат табысталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл құжат қазақстандық тауар өндірушілердің ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға жол ашады. Бүгінде ел ішіндегі жиһаздың 28 проценті ғана отандық өнім.
Отандық жиһаз өндірушілер ішкі нарықтың небәрі 30 процентін қамтиды. 15 жыл бойы осы салада еңбек етіп келе жатқан Қарлығаш Байбатшанованың айтуынша, әлеует анағұрлым жоғары. Бірақ ел нарығын қамтуға кедергілер аз емес. Бүгінде кәсіпкердің өнімдері елордада сұранысқа ие.
«Біз өндіріске өте көп қаражат жұмсаймыз. Өкінішке орай, материалдық базамыз жоқ. Маңызды жабдықтар елде өндірілмейді, шетелден тасимыз. Сонда да жиһаздарымыздың өзіндік құнын түсіріп сатамыз. Себебі бәсекелестер бар. Жиһаз жасау саласы бізде қатты дами қоймаған, сондықтан экспорт та кең қанат жайды деп айта алмаймыз», - дейді кәсіпкер Қарлығаш Байбатшанова.
Бәсекеліктің өзін де әділ деуге келмейді. Жалпы елімізде 1317 жиһаз шығаратын кәсіпорын тіркелген. Ресми дерекке сай, оның 843-і ғана салық төлеп отыр. Көбі дайын өнімді сырттан тасып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен сатады екен. Сондай-ақ, әлеуметтік жеңілдікті қолдану арқылы өз өнімін нарыққа шығарып отырғандар бар. 346 кәсіпорында мүгедектер жұмыс істейді.
«Біздің басты бәсекелестеріміз – бұл шетелдік кәсіпкерлер. Арада қанша делдал бар. Олардың әкелгендері бәрі бірдей сапалы бола бермейді. Алайда бағасы арзан. Сондықтан біздің жиһаздарға сұраныс төмен», дейді кәсіпкер.
«Біз сараптама жүргізіп көрдік. 300-ге жуық кәсіпорын ғана салық төлеп отыр. Негізінен шетелдің сапасыз жиһазын елде жасалған деп, сатып отырғандардың кесірінен отандық тауарға сенім азайған. Егер байыбына барсақ, қазақстандық жиһаздың сапасы ешкімнен кем емес. Бәрі де бір технологиямен жасалады», - дейді Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеушілер қауымдастығының ресми өкілі Қанат Ибраев.
Елімізде 4 жылдан бері мемлекеттік сатып алу кезінде отандық тауар өндірушілерге берілетін преференция алынып тасталған. Дүниежүзілік сауда ұйымы мен ЕАЭО талабы осы. Бірақ, жаңашылдық кәсіпкерлеріміз үшін тиімді болды деуге келмес. Олқылықтың орнын - индустриалды сертификат толтырады. Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеушілер қауымдастығы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген құжат отандық өндірушілерге серпін бермек.
«Индустриалды сертификат кәсіпорынның Қазақстан аумағында жұмыс істеп жатқанын дәлелдейді. Яғни нақты мекен жайы, кәсіби мамандар туралы ақпарат жазылады. Тиісінше сұраныстағы жиһаздардың сапасы да жақсы болады. Отандық тауар өндірушілердің тізілімі әзірленіп жатыр. Осылайша ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға жол ашылады», - дейді «Атамекен» ҰКП департаментінің директоры Арман Мәмбетаев.
Бүгінде жиһаз саласындағы түсім 142 млрд теңге. Сарапшылардың пікірінше, бірінші шілдеде енгізілетін жаңа жүйе ішкі нарықты 80 процентке дейін қамтуға мүмкіндік береді.