Арыстағы апат: елордаға жеткізілген 2 баланың жағдайы мәлім етілді
Kyzylorda-news.kz. Арыстағы жарылыстан зардап шеккен екі баланың бүгінгі жағдайы туралы дәрігерлер мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«28 маусым күні кешке қарай Шымкенттен 2005 және 2011 жылдары туған екі кішкентай науқас біздің балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер екі науқастың да бас миы мен көкірегін КТ өткізіп, біреуіне ота жасады. Қазіргі уақытта екеуі де нейрохирургия бөліміне ауыстырылып, ем алып жатыр. 2011 жылы дүниеге келген баланың жағдайы ауыр. Екі балаға да диагностика жасалып, ем алу толық көлемде жүргізілуде. Зардап шеккен балалардың денсаулығын жақсарту жолында өзіміздің, сонымен қатар, республикалық нейрохирургия орталығының мамандары жұмыс жасап жатыр», - деді қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмайылов.
Оның айтуынша, балаларды елордаға алып келуде ата-аналарының рұқсаты сұралды және олар қазір балаларымен бірге.
«Екеуі де ашық бас жарақатын алған. Балалар ауруханада толық ем алып болғанға дейін жататын болады», - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екі баланың елордаға ем алуға жеткізілгенін айтқан болатын.