ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА ЕКІ АЗАМАТ АУРУХАНАҒА ЖАТҚЫЗЫЛДЫ
1992 және 2000 жылдары туылған 2 азамат 11 маусым күні Жаңақорған аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына ЖРВИ диагнозымен жатқызылды. Нақты қорытынды толық зерттеулерден соң шығарылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конфенциясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау денартаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева мәлімдеді.
Сонымен қатар, брифингке облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова да қатысты.
Ұлбосын Аханаеваның айтуынша, бүгінде науқастардың жағдайы бірқалыпты.
«Жаңақорған ауданында арнайы штаб жұмыс жасауда, профилактикалық шара жүргізіліп жатыр. Дәрігерлер үй аралау арқылы күдіктілерді анықтау жəне минингитке байланысты ақпараттандыру шаралары кезінде бас ауырған, дене қызуы көтерілген 2 азаматты жедел респираторлы вирусты инфекция деген диагнозбен аудандық ауруханаға жатқызды. Бүгінде науқастардың жағдайы тұрақты, өзгеріссіз», - деді Ұлбосын Аханаева.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова тұрғындардың ауруханаға келіп, шағымданулары азайған дейді.
«Өткен аптада ауа-райының қолайсыздығына байланысты дәрігерлер қызметіне жүгінушілер саны 75-85 адам болса, оның 45-і ауруханаға жатса, бүгінгі ақпарат бойынша 56 адам шағымданды, оның 23-і ауруханаға қабылданды. Ауыр жағдайда жан сақтау бөліміне жатқызылғандар жоқ», - деді Айна Мұхамбетова.
Сонымен қатар, барлық емханалар сенбі, жексенбі күндері сағат 20.00-ге дейін жұмыс жасайтынын ескертті.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, бүгінде облыстағы барлық емханалар демалыс күндері кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Бұған қоса, емхана жанында тәулік бойы жедел жәрдем және алғашқы көмек қызмет көрсетеді. Медицина қызметкерлері науқастардан күдікті деген белгілерді байқаса, жедел түрде стационарға жеткізеді», - Айна Мұхамбетова.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін облыста менингококты инфекция жұқтырған 1 жағдай тіркелді. Осы жылдың 31 мамырында Жаңақорған ауданының тұрғынынан инфекция анықталған. 27 жастағы азамат аудандық ауруханаға жатқызылды. Алайда, дәрігерлер науқасты аман алып қала алмады, азамат 2 маусымда аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.