Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Айдар, тұлым, кекіл: қазақ халқының балаға шаш қою дәстүрінің сыры неде?

Айдар, тұлым, кекіл: қазақ халқының балаға шаш қою дәстүрінің сыры неде?

Этнограф-ғалым қазақ халқы балаға айдар, тұлым, желке шаш, кекілді неге қоятынын түсіндірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева қазақтың балаға айдар, тұлым, желке шаш, кекілді неге қоятынын түсіндіріп, бұрынғы қазақ қыздары шашын қалай күткенін айтып берді.
Этнограф-ғалым қазақ халқы ер мен әйелдің шашына, оның күтіміне ерекше мән бергенін атап өтті.
«Шаштың күтімі мен оны өсіруге қатысты ұғымдар ерте кезден қалыптасты. Қазақ халқында жас ерекшеліктеріне қарамастан шашты жерге тастамаған. Мысалы, жерге түскен шашты отқа тастаған немесе ошақтағы қуыстарға тыққан. Яғни, саз кірпіштен жасалған ошақты алайық. Оның қабырғасында тесік қуыстар болса, бұрынғы кездері сонда шашты тыққан. Біз этнографиялық экспедицияларға көп шығамыз. Сонда осындай жағдайларға куә болдық», - дейді Тәттігүл Қартаева.

Қарын шаш деген не?
Сұқбат барысында профессор сәби қырқынан шыққан кезде шашы алынатынын және оны жерге тастауға болмайтынын айтты.
«Баланың қырқынан шыққан кездегі алынған шашын қазақ халқы «қарын шашы» дейді. Ол «қар, қары» деген байырғы түркі сөзімен тығыз байланысты. Тіпті, қазақта «қарын шашыммен қарғаймын» деген қарғыс болған. Оны әжелер қатты ызаланғанда айтқан. Сондықтан қарын шашты жерге тасмамай, оны адамның аяғы баспайтын жерге көмген немесе сақтап қойған», - дейді этнограф-ғалым.
Оның айтуынша, қырқынан шыққан сәбидің шашын кез келген адам алмаған.
«Қазақтар сәбидің қарын шашын алуға ерекше мән беріпті. Баланың шашын үбірлі-шүбірлі болған, отбасында беделі бар, жасы үлкен кісі алған», - дейді ол.
Тәттігүл Қартаеваның пікірінше, «шашты жерге тастаса, бас ауырады», «адамның бір жаны шашында» деген сөздер шашты жерге тастауға болмайды деген ұғымнан туындаған.

Айдар, тұлым және желке шаш
Сонымен қатар этнограф-ғалым балаға айдар, тұлым, желке шаш не үшін қойылатынын түсіндірді.
«Қазақ халқы кішкентай баланы тіл-көзден сақтау үшін оған айдар, тұлым, желке шаш қойған. Айдар, тұлымды қыз балаға да қойған. Ұл баланың айдары төбесінен қойылған немесе желке тұсынан бір ғана шаш қалдырған. Оны «желке шаш» дейді. Кейін бұл шашты өсіріп, өрген. Айдар, тұлымды, желке шашты бала сүндеттелгенге дейін немесе алғашқы мүшел жасқа (13 жас) дейін алмаған», - дейді Қартаева.
Айтуынша, айдар, тұлым мен желке шашты кез келген балаға қоймаған екен.

Тұлым шаш
«Егер баласы көп шетінесе, бірнеше рет түсік жасаса, бесікте жатқан сәби аурушаң болса, «көз тимесін» деп айдар, тұлым, желке шаш қойған. Сондай-ақ, әйел кілең ұл туып, соңында қыз баланы дүниеге әкелген кезде, «тіл-көзден сақтасын» деп сәбиге тұлым қойған. Қыздың тұлымы екі самайынан қойылған. Қыздың айдар, тұлымын түбінен кесіп тастамаған», - дейді ғалым.

Кекіл қою
Тәттігүл Қартаеваның сөзіне сүйенсек, ұлға да, қызға да кекіл қойылған. Баланы «тіл-көзден сақтасын» деп кекілін өсірсе керек.
«Бізде қыз баланың тарихи суреттері бар. Онда қыз баланың бой жеткенше кекілмен жүргені бейнеленген. Фото ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде түсіріліпті. Бірақ бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Қазақ халқында «кекілді қыз», «кекілді бала» деген ұғым бар. Кекілді де балаға жоғары аталған себептермен қойған. Сонымен қатар, бала есейгенге дейін кекілмен жүрмеген. Жалпы айдар, тұлым, желке шаш, кекіл – жас баланың шаш қою үлгісі болып саналады», - дейді профессор.

Қолаң шаштың құпиясы
Әңгіме барысында этнограф-ғалым ерте заманда қазақ қыздарының шашы ұзын болғанын айтып, шаш күтімі туралы сөз қозғады.
«Қыз бала бой жеткенде шаш қою үлгісін өзі таңдаған. Олардың шашы ұзын болған. Шашының ұшын ғана бастырып отырған. Қазақта «шаштың ұшын бастыру» деген сөз бар. Демек, шаштың ұшы ұштанып, екіге бөлінген кезде шаштың ұшын майлап, оны тегістеп, ұштанған жерін алып тастауды «бастыру» дейді. Шаш ұштанған кезде оны маймен сылап немесе ашыған айранмен жуып, күтім жасаған. Негізі, қазақтың қыздары мен әйелдері шашын қимаған», - дейді Қартаева.
Қазақ халқы «шашы кесілген қыздың бақыты кесіледі» деп ырымдап, кішкентай күнінен қыздың шашын алмапты.

Әйелдің бұрымын неге кескен?
Сонымен қатар, энциклопедиялық деректерге сүйенсек, бағзы заманда қарабет болған қыздың шашын кесіп, бетіне күйе жағып масқаралаған. Еріне опасыздық жасаған немесе өте ауыр қылмыс істеген әйелдерге ел алдында бұрымын кесу жазасы қолданылыпты. Ол кезде әйелдер үшін жазаның ауыр түрі бұрымын кесу еді. Шаш, бұрым әйелдің сәні, салтанаты, әйелдік белгісі болғандықтан, одан ажырау масқара болып саналған екен.

08 шілде 2019 ж. 1 125 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области