Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Астана қалай құрылды?

Астана қалай құрылды?

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Бұл туралы Елбасы өзінің "Еуразия жүрегінде" атты кітабында былай деп еске алады.
"Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған", - деп жазған еді Назарбаев.
Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға аян. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қояды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен.
Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келді.
Кейінірек парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.
Айта кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні елорда күнімен тұспа-тұс келеді.

Астана атауы қанша рет өзгерді?
Алғаш қала 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі негізделгенде пайда болды. 1863 жылы Ақмола ресми түрде округтік қала ретінде жарияланып, 1960 жылы еліміздің солтүстік облыстары кіретін тың өлкесінің орталығы болды. 1961 жылға дейін ол Акмолинск, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, ал 1992 жылдан бастап 1998 жылға дейін Ақмола аталып келді.
1998 жылы 6 мамырда президент жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылдары елорда атауына қатысты түрлі ұсыныстар айтылған еді.
"Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауанымызды және астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана! Бірақ, әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилиа. Міне, осылай! Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады", - деп жазды Назарбаев "Еуразия жүрегінде" атты кітабында.
Дәл сол күні Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы жарлық шықты.
2019 жылдың көктемінде елорда атауы тағы өзгерді. Қазақстанның екінші президенті 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын республиканың тұңғыш президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды.
Тоқаевтың бұл ұсынысын парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды.
Елорданың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылатын болды. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған, "нұрдың сұлтаны" деген мағына береді.

Астана күні қалай тойланады?
Астана күні бүгінде жалпыхалықтық мейрамға айналды. Бұл мерекені еліміздің әр өңірі ерекше атап өтеді. Мерекелік концерттер, көрмелер, халықтық серуендер ұйымдастырылады. Бұған қоса, 6 шілде күні қазақстандықтарға бір күн демалыс беріледі.
Нұр-Сұлтанда мейрам қарсаңында басталатын шаралар айдың соңына дейін жалғасады. Мереке күндері алыс-жақын өңірлерден қонақтар ағылады.
Бұл күндері түрлі концерттер, спорттық сайыстар, халықтық серуендер, фестивальдер өтеді, жас жұбайлар некесін қидырады.
Мереке соңы дәстүрлі отшашумен аяқталады.

06 шілде 2019 ж. 710 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области