ЕСІЛ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЕҢСЕЛІ ЕЛОРДА
Алдағы айда Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары – Астана қаласы 20 жылдығын атап өткелі отыр. Бұл күндері еліміздің жүрегі іспеттес шаһардың туған күніне дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл түсінікті де, өйткені, Астана күні әлдеқашан жалпыұлттық мерекеге айналған.
Еліміз егемендігін алған кезден бастап жаңаша көзқарас қалыптасты. Яғни, Елбасы тың идея ұсынды. Сол себепті, 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары Астананы Ақмолаға ауыстыруға шешім қабылдады. Артынша Мемлекет басшысының Республика Астанасын Ақмолаға көшіру жөніндегі Жарлығы шығып, 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола ресми түрде Астана болып белгіленді.
Ал, 1998 жылы Президент Ақмола қаласын «Астана қаласы» деп атауға Жарлық шығарып, осы жылы 10 маусым күні жаңа Астананың тұсаукесерін өткізген болатын. Содан бері 20 жылды тарих қойнауына жіберген Астана адам танымастай алып шаһарға айналды. Жас қалаға жастар қоныс теуіп, олардың өмір сүруіне мүмкіндіктер молайды. Жаңа жұмыс орындары мен білікті мамандардың басын біріктірген жоғары оқу орындары ашылды.
Тәуелсіздіктің мәуелі жемісі саналған Астана қаласы күн сайын жаңарып, әлем назарын өзіне аудартты. Аз уақыттың ішінде ажарлы келбетімен айшықталған Елордаға шет мемлекеттер қызыға да, қызғана да қарайды. Себебі, бір кездегі шағын ғана қала бүгін көлемді, қуатты мегаполистердің қатарына енді.
Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі Мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана бейбітшілік пен келісімнің қаласына айналды» – деп атап көрсетті.
Астананың тарих үшін қысқа ғана кезеңде миллион тұрғыны, сәйкесінше, инфрақұрылымы бар, назарын өзіне аудартатын маңызды оқиғалар өтер, әлемге танымал қалаға айналғанын атап көрсеткен Н. Назарбаев Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын тойлаудың маңыздылығына тоқталды. Осы ретте, Мемлекет басшысы Елорданың мән-мағынасын сипаттап беру үшін танымал америкалық журналистің айтқан сөзін мысалға келтірді. «Меніңше, қала біздің барлық отандастарымызды қуантып, қонақтарымызды таң қалдырып отыр.
Танымал америкалық журналист Ларри Кингтің: «Бүкіл тарихта қалаларды жаулап алады, ал Қазақстан қала салады»–деген сөзі жадымда қалыпты. Меніңше, бұл сөз арқылы барлығы айтылған», – деді Елбасы. Иә, расында да еліміздің жүрегіне айналған Арқа төсіндегі Астана– талай ақынға шалқар шабыт берсе, әншілер әсем әнмен әуелеткен киелі шаһар. Олай болса, бас қаламыз – Астананың мәртебесін биіктететін 20 жылдық мерейтойына бір кісідей атсалысып, үлес қосуға әрбір қазақстандық міндетті.