Эльмира Суханбердиеваға қандай жаза ұсынылды?
Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік айыптаушылар ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваға қатысты жазаны ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 53-бабына сәйкес, айыпталушы шын ниетпен өкініп, кінәсін мойындаса қылмыстық жаза жеңілдейді. Тараптар ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы, 3-бөлігін қолдану арқылы жаза тағайындауда келіседі. Э. Суханбердиеваға қатысты 361-баптың 3-бөлігі бойынша 2500 АЕК көлемінде айыппұл мен мүлкін тәркілеу, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 364-баптың 3-бөлігі бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2000 АЕК айыппұл салу қажет», - деді мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Бекмағамбетов сот барысында.
Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, мемлекеттік айыптау бұрынғы вице-министрге жеңілдетілген жаза қолдануды сұрайды.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабы, 2-бөлігін қолданып, Суханбердиеваға 2500 АЕК көлемінде айыппұл төлеу шарасы белгіленсін. Сонымен бірге, 2019 жылдың 3 маусымында «Орталық» экономикалық мектебі ЖШС директорының қызметтік кабинетінен алынған айыпталушының мүлкі мен ақшалай қаражаты тәркіленіп, мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік органдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылсын», - деп түйіндеді Н.Бекмағамбетов.
Айта кетейік, Эльмира Суханбердиева сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталып, 2 айға қамауға алынған болатын.