Қызылордалық шенеунікке пара ұсынған ойын бизнесін ұйымдастырушы сотталды
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған азамат Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің лауазымды тұлғасына пара ұсынған, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Қызылорда қаласының тұрғыны А.Цой заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруда департамент қызметкерін «қамқорлық көрсетуге» үгіттеген. Сөйтіп, оған 250 000 (екі жүз елу мың) теңге пара ұсынған сәтінде ұсталған.
«Цойға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, айыптау актісімен прокуратураға жолданған. Өткен жылдың аяғында №2 Қызылорда қалалық сотының шешімімен бұл азамат ҚР ҚК 307-бабы 2бөлігі 2-тармағымен және 367-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айрылды және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды», – дейді облыстағы мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Қ.Ахметов.
Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды қызметкерлері тарапынан заңға қарсы әрекеттер байқалған жағдайда Департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасына 23-81-91 телефоны арқылы хабарлауға болады.