Үш қабатты коттедж бен автокөлігі бар азаматтарға жәрдемақы төленген – Бердібек Сапарбаев
Kyzylorda-news.kz. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Шымкентке жұмыс сапары аясында атаулы әлеуметтік көмек, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік-еңбек саласының мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында АӘК тағайындау және төлеудегі бұзушылықтар туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Еңбек министрлігі басшысының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатын 291 мың отбасы немесе 1 миллион 450 мың адамға 87 млрд теңге төленді. Бұл ретте АӘК алушылардың 38 пайызы – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары.
Ведомство басшысы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу кезінде бұзушылықтарға жол берілмеуін талап етті.
«Біздің мамандарымыз «E-Халық IP»-де тіркелмеген төлемдер, артық төлемдер, екі еселенген төлемдер, учаскелік комиссияның тексеруінсіз АӘК тағайындау сияқты бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Мысалы, меншігінде үш қабатты коттедж бен автокөлігі бар азаматтарға АӘК төленіп кеткен жағдайлар да орын алған. Бұл бюджет қаражатын заңсыз пайдалану болып табылады және оған жауапкершілік көзделген. Әкімдіктерге жергілікті жерлерде бақылауды күшейту керек», - деді министр.
Сапарбаевтың сөзінше, министрлік тарапынан әкімдіктермен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, АӘК тағайындау және төлеуде анықталған бұзушылықтарды жоюға, заңсыз төленген қаражатты бюджетке қайтаруға, сондай-ақ болашақта мұндай бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев АӘК-тің негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету, соның ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларын көрсету арқылы жәрдемдесу екеніне ерекше назар аударды. Осыған байланысты ол жергілікті жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Министрдің мәліметінше, республика бойынша еңбекке қабілетті 85 мың АӘК алушының тек 32,5 мыңы немесе 38 пайызы ғана әлеуметтік келісім-шарттар жасасқан. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 29 пайызды, Шымкент қаласында 9 пайызды құрайды.
«Кейбір жұмысқа қабілетті азаматтар АӘК-ті алғысы келеді, бірақ жұмыс істеуден бас тартады. Еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылармен міндетті түрде олар жұмысқа орналаса алатын, жаңа мамандықтар мен бизнес жүргізу негіздерін оқитын, гранттар мен жеңілдетілген микрокредит алатын әлеуметтік келісім-шарттар жасау керек. Масылдыққа жағдай жасауға болмайды, сондықтан тиісті өзгерістер ережеге енгізілетін болады»,- деді Сапарбаев.