16 шілде: Ел ішіндегі оқиғалар
1994 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттік билік және басқару органдарының құрылымдарын жетілдіру және шығыстарды қысқарту, оларды ұстау туралы» Жарлығы жарияланды.
1999 жылы «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР заңы қабылданды.
1999 жылы Боливияның астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор Астана қаласына «Қалалар бейбітшілік үшін» халықаралық конкурсы жеңімпазының медалі мен сертификатын табыс етті. Осы күннен бастап елорда «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды.
2001 жылы Еуразия ұлттық университетінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды.
2003 жылы Нұр-Сұлтан әкімі мен Халықаралық сәулет академиясы арасында ҚР жаңа елордасының сәулеті мен қала құрылысы мәселелеріндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2010 жылы Алматыдағы сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы аясында ЕҚЫҰ төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнермен кездесті. Кездесуде Назарбаев-Саркози Қазақстан-Франция комиссиясын құру туралы хаттамаға қол қойылды.
2010 жылы Брюссельде бұрынғы ҚР сауда және экономикалық даму министрі Жанар Айтжанова мен сауда бойынша еурокомиссар Карл Де Гюхттің кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның ДСҰ-ға кіру процесі шеңберінде тауар нарығына қолжетімділік туралы Еуропалық одақпен екіжақты келіссөздің аяқталуын атап өтті.
2011 жылы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 05.16-да «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық «KazSat-2» байланыс және хабар тарату серігі сәтті ұшырылды.
2012 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясы Қазақстан астанасынан ірі көлік торабы және Сібірдің өнеркәсіптік орталығы Омбы қаласына тікелей әуе қозғалысын ашты.
2013 жылы Запастағы және резервтегі офицерлер ұйымы Халықаралық консультативтік комитетінің үшінші отырысының ашылу рәсімінде ұйымның басшысы Александр Каньшин ҚР қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековке ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев наградталған №1 «Рыцарлық үшін» орденін табыстады.
«Рыцарлық үшін» орденімен ардагерлер ұйымдарына елеулі көңіл бөліп, ардагерлік қозғалыстарына сүбелі үлес қосқан, қарулы күштерге, ардагерлерге және әскери қызметшілердің отбасына, балаларына қамқорлық ететін мемлекет басшылары марапатталады.
2014 жылы көрнекті жазушы, қазақ тіліндегі тұңғыш романның авторы Жүсіпбек Аймауытовтың (1889-1930) жерленген жері белгілі болды. Павлодар облысы әкімдігінің сауалына Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі Орталық мұрағатынан жауап келді. Онда Ж. Аймауытов Ваганьков зиратында (Мәскеу) жерленгені жайында айтылған.
Мәскеуге Аймауытовтың туыстары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері барып, жазушының басына тағзым етіп, Құран оқытып қайтты.
2014 жылы Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында Қазақстандағы алғашқы тау-велосипед спортының кәсіпқой трассасы ашылды.
2014 жылы Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы «Отан қорғаушы» әскери-патриоттық лагері ашылды.