«Сыр маржаны» ЖШС 56 бас ірі қараны Иранға жөнелтті
Kyzylorda-news.kz. Қазалылық белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басшылық жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС-ның ірі қара малы Иран Ислам Республикасына эскпорттала бастады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде 56 бас тірілей бұқашық серіктестікке қарасты мал бордақылау алаңында өлшеніп, Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative Inc» компаниясына жөнелтілді.
Айта кетейік, «Сыр маржаны» ЖШС 2015 жылы «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында Көларық ауылдық округінің Шеңгелді учаскесінде 500 басқа арналған мал бордақылау кешенін іске қосқан болатын. Қазір алаңның қуаттылығы 3000 басқа дейін үлкейтілді. Заманауи кешенде 20-ға жуық жұмысшы еңбек етуде.