Аралдағы халықаралық санаттағы жол сыр бере бастады
Kyzylorda-news.kz. Халықаралық талапқа сай салынған Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолының Қызылорда облысындағы бөлігі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аймақтағы жол-көлік апаттарының басым бөлігі осы автодәлізде болады екен. Мәселен бір ғана Арал ауданы бойынша жарты жылда 16 көлік апаты тіркелді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 дерекке көп.
6 айдың ішінде Аралда көлік апатынан 9 адам қайтыс болып, 24 жолаушы түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға түскен. Жол-көлік оқиғасы көбінесе «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойында орын алып отыр. Халықаралық магистраль Арал ауданының 60 мыңдай тұрғын қоныстанған 9 елді мекені үстінен өтеді. Бұл ауылдарға 65 мыңнан астам түлік тиесілі. Жуырда ғана күре жолға шығып кеткен 2 сиырдан қашқан көліктер бетпе-бет соғысып, сол арада 2 адам көз жұмды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында жол-көлік оқиғасы орын алуының бірден-бір себептері – жолдың тар болуы, 2 жолақты ғана болуы. Және де қоршаумен қамтамасыз етілмей, қоршалмағаны. Жолдың бойында орналасқан елді мекендердегі мал иелері өз жануарларын тиісінше қарамай, бақташыға бақтырмауында», - дейді Арал ауданының прокуроры Асхат Тәженов.
«Жол апаттарының алдын алуда маңызды рөл атқаратын дыбыстық жолақтар және күн көзінен энергия алып, түнде жанып тұратын жаяу жүргіншілерге арналған өтпелерде жол белгілерін орнатудамыз. Сонымен қатар күн көзінен энергия алып, көлік құралының жылдамдығын арттырғанын көрсететін жылдамдық өлшеуіш құралдар қойып, жұмыстар жасаудамыз», - дейді Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиал директоры орынбасарының міндетін атқарушы Ғалымжан Оспанов.
Жол саласы мамандарының айтуынша, автодәліз арқылы Аралдың үстімен тәулігіне 3 мыңнан астам көлік өтеді екен. Оның 2 мыңдайы – жүк тасымалдайтын автотранспорт. Ғасыр құрылысына баланған жобаның пайдалануға берілгеніне 4-5 жыл ғана өтсе де, халықаралық санаттағы жол сыр бере бастаған.
«Жол табандарының және асфальт шөгуіне байланысты Арал ауданындағы 1240, 1330 шақырымдарында Салини мекемесі кепілдік мерзімі аяқталмауына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізеді», - дейді Ғалымжан Оспанов.
Осы ретте аймақ прокурорлары жол салушы, оның сапасын бақылаушы мекеме өкілдері, жол-патрульдік полиция қызметкерлері, ауыл әкімдері және мал иелерімен кездесіп, мәселені шешудің тетіктерін талқылады. Мамандар маң-маң басқан түйе, ірі қара мен жарыққа жүгіретін жылқыларға сәуле шағылысатын сырғалар тағуды ұсынып отыр. Бәрінен бұрын жолды екі жағынан қоршау керектігі айтылды.