Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Баннер, хабарландыру, жарнамада қате жібергендерге айыппұл салынуы мүмкін

Баннер, хабарландыру, жарнамада қате жібергендерге айыппұл салынуы мүмкін

Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда көрнекі ақпаратты орналастыру тәртібін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов ҚР Әділет министрлігінде өткен Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мәлімдеді.
«Көшелердегі көрнекі ақпараттар, баннерлер, маңдайшалар, хабарландыру, жарнама, баға көрсеткіштері – қоғамдық идеологияға әсер ететін факторлардың бірі. Көрнекі ақпарат санының артуы оларды орналастыруда заң талаптарының сақталмау фактілеріне әкеп соғуда. Атап айтқанда, көрнекі ақпараттардың тек бір тілде берілуі, дұрыс аударылмауы немесе негізгі мазмұнының сақталмауы жиі байқалады», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жағдай қаланың эстетикалық көркіне кері әсерін тигізумен қатар, бірқатар келеңсіздіктер тудырды. Ең алдымен, жеке азаматтар тарапынан мемлекеттік органдарға түскен шағымдар көбейген.
«Дұрыс рәсімделмеген көрнекі ақпаратқа қатысты жергілікті атқарушы органдарға 2016 жылы – 4 665, 2017 жылы – 10 441, ал 2018 жылы – 12 886 шағым түскен. Бұл ретте заңнамада бекітілген тікелей құзіреттің болмауына байланысты уәкілетті мемлекеттік органдар заңбұзушылықты дер кезінде ретке келтіре алмады. Бұл жекелеген азаматтардың меморган жұмысына сенімсіздікпен қарауына әкеп соқты», - деп өз сөзін жалғастырды Н.Дәуешов.
Екіншіден, республикалық, өңірлік БАҚ-та және интернетте дұрыс рәсімделмеген көрнекі ақпараттар туралы жарияланымдар саны 2016 жылы – 175, 2017 жылы - 262, 2018 жылы – 397-ге жеткен.
Сондай-ақ, көрнекі ақпараттың бір тілде рәсімделуін немесе дұрыс аударылмауын азаматтар ҚР Конституциясының 14-бабында бекітілген құқықтарына қысым жасау деп санайтын даулы жағдайлар туындаған.
«2017 жылы 26 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы №569 Жарлығы шыққаны белгілі. Осыған орай, кәсіпкерлердің кез келген көрнекі ақпаратты латын графикасында қате рәсімдеуі белең алды. Латын графикасында қате жазылған көрнекі ақпараттардың көбеюі мұндай жауапты кезеңде латын графикасына деген қате пікір мен теріс көзқарас қалыптастырады. Латын графикасына көшу жұмыстары басталған сәтте көрнекі ақпаратты рәсімдеудің өрескел орфографиялық қателері сирек тіркелсе, 2018 жылы – 1 919-ға жеткен», - деді Н.Дәуешов.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін спикер ҚР «Тіл туралы» заңының 21-бабындағы көрнекі ақпаратты орналастыруға қойылатын талаптарды қатаңдатуды ұсынды.
«Заңның бұл бабына көрнекі ақпараттың орфографиялық дұрыс рәсімделуіне және бірнеше тілде берілетін ақпарат аудармасының дәлме-дәлдігіне қатысты талаптар мен толықтырулар енгізу қажет. Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне көрнекі ақпараттарды орналастыруды мемлекеттік бақылау бойынша және көрнекі ақпараттарға мониторинг жасау бойынша құзірет белгілеу керек. Бұл ретте министрлік кәсіпкерлікке әкімшілік кедергі келтірмеу үшін профилактикалық бақылау және қадағалау енгізуді ұсынады», - деді спикер.
Вице-министрдің айтуынша, көрнекі ақпаратты орналастыру тәртібін бұзғандарға профилактикалық ескерту жасалады. Қате белгілі бір уақыт аралығында түзетілмесе, екінші рет ескерту беріледі және тағы қайталанған жағдайда Әкімшілік құқық бұзу кодексі аясында айыппұл салынады.

31 шілде 2019 ж. 527 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области