БІЛІМДІ ЕЛ КӨП БИІКТІ БАҒЫНДЫРАДЫ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Туған жерге тағзым» форумына келген Сыр перзенттері БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда бұл шара терең ой қозғайтын, ауқымды бастама екендігі айтылды. Туған жерінен ізін үзбеген азаматтардың қажырлы істері мен қайырымдылық шаралары жайлы әңгіме болды. Баспасөз мәслихатына қатысқан құрылысшы, белгілі меценат Сейітқали Алшынбаев елге қайыр көрсеткеннің жолы да, жүзі де жарқын болатынын жеткізді.
Менің түсінігімде, кәсіпкер дегеніміз өзінің барлық күш-жігерін, туған өлкенің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикасын дамытуға арнап, үлкен жауапкершілік арқалайтын азамат. 2004 жылдары балабақша, мектептер бұзылып, жабылып жатқан кезде, ең алғаш боп Қалжан ахун ауылында типтік жобадағы білім ордасын салдырттым. Содан бері 7-8 мектеп, аурухана, 4 балабақша бой түзеді. Ең басты көздеген мақсатым - елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға аз да болса үлесімді қалдырсам деймін. Көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыздың болашағы үшін білім ордаларының көптігі артықтық етпейді. Себебі, білімді ұрпағы бар мемлекет қашанда рухани бай ел саналады.
Жалпы алғанда, кәсіпкер, ел азаматы ретіндегі ұстанымым ел игілігі үшін адал қызмет ету, – деді меценат.