АЗАМАТТАР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУГЕ ҮЛЕС ҚОСТЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Арал ауданында ел азаматтары мен ауыл тұрғындары 94 млн 170 мың теңгеге демеушілік жасап, қайырымдылық көмек көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішовтің айтуынша Аманөткел елді мекенінде жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен жаңа мешіт салып берсе, осы елді мекен жастары футбол алаңын қоршап, мәдени демалыс орнына арналған сахнаның құрылысын жүргізді.
«Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Ерімбетжаға ауылында жергілікті тұрғындардың қаражаты есебінен мешіт салынып, Қосжар елді мекенінде де Ізімбет ахун ұрпақтары имандылық үйін салды. Іскер азаматтар жаңадан ашылған мешіттер мен мектептерге дыбыс күшейткіш аппаратура, мектептерге мультимедиялық проекторлар алып беріп, оқушыларды спорттық киімдермен қамтамасыз етті.
«Туған жерге тағзым» акциясы негізінде ауданның жеке кәсіпкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын жүргізіп келеді. Алдағы уақытта шижағалық азамат өз қаражаты есебінен туған жерінде аллея салуды жоспарлап отыр. Құрылыс нысаны келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланды. «Сыр жомарты» қайырымдылық айлығы да игі дәстүрге айналды.
Шара аясында мекеме басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, жергілікті депутаттар және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және тұрмыс жағдайы төмен 435 отбасыға азық-түлік, көмір, қаржылай және киім-кешек түрінде 2 млн 861 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.