Жалағашта ата-кәсіпті жалғастырғандар көп
Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында ата-кәсіпті жандандырған азаматтардың қатары артып келеді. Шағын бизнес иелері мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеке бизнесінен береке көріп отыр.
Жас кәсіпкер Дәуіржан Қайрат мал басын көбейтумен айналысады. Ол «Өңірлік инвестициялық орталығы» «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге көлемінде несие алып, ісін бастаған. Алған қаржысына 10 бас мүйізді ірі қара алған ол мал басын 30-ға жеткізді. Өнімін саудалап та үлгіреді. Жақын аралықтағы ауылдар мен қалаға сүт жеткізіп, кәсібінің берекесін көруде. Бүгінде мал шаруашылығын екі азамат жандандыруда.
Аудандағы тағы бір кәсіпкер осы сала арқылы бизнесін кеңейткен. Бауыржан Ғазизов өткен жылдың шілде айында жеке кәсібін ашқан. Қожалық иесі «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1 миллион теңге көлемінде несие алған. Оның шаруашылығындағы мал саны бүгінде 75-ке жеткен. Шаруа қожалығының иесі Бауыржан тек қой өсіруді ғана емес, жылқы мен мүйізді ірі қара өсіріп, оны көбейтіп, мал шаруашылығы саласын дамытуды алдына мақсат етіп қойды.