Қармақшыда «Жомарт жүрек» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданында қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды.
Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев аталған сыйлықтың лауреаттарына диплом табыстады.
«Қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық. Жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі ел азаматтары әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж жандардың үнемі жанынан табылып жүретіні ақиқат. Қазақ халқы ежелден жомарттығымен танылған, ұлтымыздың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы төмен отбасыларын, жетім-жесірді, талантты балаларды қолдап келеді» - деп атап өтті аудан басшысының орынбасары Еркебұлан Меңлібаев.
«Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды. Оның алғашқысы «Жыл меценаты» номинациясы. Оған жеке кәсіпкер Рабиға Балғабаева лайық деп танылды.
«Туған өлке» номинациясымен «Абай Дәулет» ЖШС-нің директоры Мұрат Сарсенбаев марапатталады.
«Жыл тұлғасы» номинациясы иегері Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, «Дәметкен» жеке қайырымдылық қорының құрылтайшысы, Зарқұм Бекжановқа табысталды.
«Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі марапатталады. «Аңсаған» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Райымбаева.
«Ерен еріктілік» номинациясымен №27 орта мектептің күзетшісі Бахыт Қайырбеков марапатталады.