Қазалыда «Жомарт жүрек» номинациясының жеңімпаздары марапатталды
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында қоғам жұмысына белсене атсалысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ұйымдар мен азаматтар «Жомарт жүрек» номинацияларымен марапатталды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов «Жомарт жүрек» номинациясының жеңімпаздарын арнайы сертификатпен марапаттады.
«Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды. Оның алғашқысы «Жыл меценаты» номинациясы. Ол туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қараусыз қалған жетім балаларға, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының төрағасы Сәбит Аралбаевқа табысталды.
«Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменовке ауданда әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы табысталды.
Ал, Тапа елдімекенінің тұрғыны Аманжол Жұмабеков «Туған өлке» номинациясымен марапатталды.
Аманжол Жұмабеков 1969 жылы Тапа елді мекені маңынан ине құятын қалып және бірнеше тастан жасалған бұйымдар тауып алып, Алматы музейіне өткізген. Ақсақалдың қолында 20-ға жуық құмыра мен оның сынықтары бар. Бүгінгі таңда ол Тапа елдімекеніндегі құмды жерді көгалдандырып, Қарағай, жеміс ағаштарын өсіруде.
«Ерен еріктілік» номинациясында Мейрамбек Жакупов жеңімпаз атанды. Әйтеке би кентінде тұратын ол көршісінің үйі отқа оранғанда төтенше жағдай қызметкерлері жеткенше 76 жастағы әжейді құтқарып, өмірін сақтап қалған.
Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Орақ Кеубасов «Жыл тұлғасы» номинациясымен марапатталды.