ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛІМНІҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ БАСТАУЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ә.Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәуелсіздік – елімнің рухани жаңғыруының бастауы» атты қалалық семинар өткізілді.
Жаңғыруға бет алған еркін мемлекеттің алған асулары мен алдағы белесі жайлы баяндалған семинардың бергені мол болды. Онда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Аз жылдың аясында әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылған елімізде бүгінде қоғамды жаңғыртудың қадамдары басталды. Тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға бағалай білу де, гүлденген келешекке сенім де осы рухани жаңғыру аясында арта түспек.
Салтанатты жиында «Жас Ұлан» ұйымына оқушылар қабылданып, оқушылар өнерлерін көрсетті. Шара соңы тағылым, таным сабақтарына ұласып, ой-талқы, отбасылық эстафеталық сайыстарға жалғасты.