Жалағашта «Жомарт жүрек-2019» байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Салтанатты рәсімде аудан әкімінің міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов аудан аумағында қоғамдық пайдалы, әлеуметтік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырып жүрген бірқатар азаматтарға «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» номинацияларын табыстады.
Туған жерінде әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ардагерлерге көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясымен «Еңбек Жер» шаруа қожалығының төрағасы Шакизатхан Искаков, елді мекендерді абаттандыруға, демалыс бақтарын, аллеяларды, ескерткіштерді мәдениет, білім, спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Туған өлке» номинациясымен Мәдениет ауылындағы «Жігер» ФҚ төрағасы Самат Сарбасов марапатталды.
Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Туған жерге тағзым» жобасы аясында аудан орталығынан жеке қаражаты есебінен 900 орындық мешіт және 360 орындық асхана құрылысын жүргізіп жатырған жеке кәсіпкер, Ерлан Сағынбаев «Жыл тұлғасы» номинациясы табысталды.
Сондай-ақ, волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясымен «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Нарбота Серәлі, әлеуметтік маңызы бар жобаларды оның ішінде қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізгені үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен Жалағаш аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығы марапатталды. Орталық директоры Ғани Сүлейменов.