РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КІЛТІ
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында Қазалы ауданы №266 мектеп-лицейде "Рухани жаңғыру – кемел келешек кілті" тақырыбында кеш өтті.
Мерекелік шарада сөз алған мектеп директоры Болат Жолтаев ұстаздар мен оқушыларды мерекемен құттықтап, Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттер мен мақсаттарға тоқталды. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары Назима Әлиева мен Сағыныш Өтеулиева "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" және "Рухани жаңғыру – Мәңгілік ел болудың баспалдағы" тақырыбындағы баяндамаларын оқыды.
- Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамын. Оған дәлел, бастауыш буыннан бастап тілдің үш тұғырлылығының басымдығының бастау алуы" – деген Сағыныш Өтеулиева әріптестерін жаңғыру жолындағы бастамаларға белсенді үлес қосуға шақырды.
Одан әрі мерекелік шарада мектеп оқушылары патриоттық тақырыптағы әндерді орындап, жас ақындар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне және Тәуелсіздік күніне арнаған жүрекжарды жырларын оқып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар желтоқсан айының алғашқы он күндігінде өткен аудандық пәндік олипиада да жүлделі орындарды жеңіп алған шәкірттер марапаттталды.