Білім саласын қолдау бәрінен маңызды
Kyzylorda-news.kz. Елбасы жастар жылын жариялағалы елімізде білім саласына деген көңіл көптеп бөлініп келеді. Бұл салаға салынған қаржының да болашақта қайтарымы мол екенін жиі айтуда. Білім сапасын жақсарту мен мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған түрлі реформалар – әрбір ұстаз үшін ерекше қолдау. Биылғы өткен «Білім және ғылым» атты тамыз конференциясынан біз ерекше әсер алдық.
Әрине ұстаз болғандықтан жыл сайын өтетін тамыз конференциясынан жаңашылдық пен жағымды жаңалық күтеміз. Биылғы тамыз конференциясының жөні біз үшін бөлек болды. Үмітіміз ақталғандай болып, қуанып жүрміз. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жиынға қатысып, өзінің ұстаздар қауымына деген ерекше ілтипатын білдірді. Сондай-ақ осы саладағы жаңашылдықтарға кеңінен тоқталды. Мұғалім мәртебесін басқалардан биік қою үшін қолға алынып жатқан жұмыстар да аталған конференцияда назардан тыс қалмады. Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы аясында 12 жылдық білім беру моделіне көшуді үкіметке тапсыратынын жеткізді.
Мұнан бөлек, өз білгенін өзгеден аямайтын, шәкірттерінің жетістігімен мақтанатын, білімге ден қойып, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздар қауымына жалақыға қатысты өз ойын айтты.
«Бұл саладағы еңбекақы ең төмен жалақылардың қатарында, яғни ел экономикасы бойынша орташа жалақының 65 пайызын құрайды. Білім беру жүйесіне білікті кадрларды тарту мақсатында Үкіметке төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есеге көбейтуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз Мемлекет басшысының мұндай бастамаларын ұстаздар қауымы болып бір ауыздан қолдаймыз. Себебі, жас ұрпаққа жасалған қамқорлық уақыт өте мемлекеттің негізі сүйеуші күшіне айналады. Ал білімі мықты ұрпақтың ертеңі жарқын болары айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл бағыттағы қолдауларды біз жөн көреміз.
Ж. БАЙМҰРАТОВА,
Арал қаласы, №13 орта мектеп директорының
бағдарлы жұмыстар жөніндегі орынбасары.