Күлайша Сүлейменова: Білім саласына жаңаша қолдау – тың бастама
Kyzylorda-news.kz. «Білім және ғылым». Осындай тақырыппен өткен мұғалімдердің облыстық тамыз кеңесінде білім және ғылым саласының сапасын көтеру жолында мұғалім мәртебесін жоғарылатып, ұстаздардың біліктілігіне, оқулықтардың сапасы мен оқу ошағын заман ағымына сай жасақтау қажет екендігіне баса мән берілді.
Әрине, Ұстаз мерейі үстем болмаған жерде білім мен ғылымның өрістеп, өзгелермен терезесі тең дәрежеде болудан дәмету артығырақ екендігі баршаға аян еді. Кезінде ақын М.Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр- мұғалімдікі» деген бір ауыз құрметті сөзінің бұл күнде тек елесіне тамсанумен жүрген біздер үшін дәл осы тұста тілге тиек етіліп, Ел басшысы тарапынан нақты тапсырмаға ие болуы Ұстаздар қауымына бір серпіліс бергені анық.
Мемлекет басшысының ағылшын тілін оқытуды көптің көкейіндегі «2-3- сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді» екенін айтқаны да көңілге жылы тиді. Себебі, алғаш «А» деп ана тіліндегі әріптерді зердесіне тоқуға тырысқан бүлдіршін үшін ағылшын тілін 5- сыныптан бастап оқытса да көштен қалмайтынымызға дәлелдер келтірудің өзі артық секілді. Тамыз конференциясындағы тағы бір сүйінші сұратарлық жәйт- алдағы уақытта «Әліппенің» қайта оқытылатындығы болды. Бұл мәселені министр Асхат Аймағамбетовтің өзі көтерді. Қаншама ұстаздың санасын сан саққа жіберген бұл мәселенің де оңтайлы шешімін табуы әйгілі А.Байтұрсыновтың салған сара да дара жолының өміршең екендігін тағы бір дәлелдегендей болды. Міне, біз күткен кеңесте көптеген келелі мәселелер кезек күттірмей оңтайлы шешімін табуға білікті басшы тарапынан сұранып тұрғанының куәсі болдық. «Білім беру сапасының бірыңғайлығын қамтамасыз ету қажет. Қала мен ауылдағы балалардың білім деңгейінде ешқандай айырмашылық болмауы тиіс» деген Президент ауыл мен қаладағы білім сапасын бірдей ету, орта білім берудің әрі қарайғы стратегиясын жетілдіру туралы мәселелер қозғап, тапсырмаларды нақтылады. Үштілді оқыту жүйесін енгізу үдерісіне тыңғылықты дайындықтан өтіп келуді тапсырды. Қазіргі таңда бұл жүйеге енуге дайындықты аталмыш жоба бағдарламасы аясында мектептерде бастап кеткеніміз белгілі. Мектепішілік олимпиадалар, танымдық кештер, шеберлік сыныптарының үштілдік жүйеде өткізілуі әзірше төмен нәтиже көрсетіп тұрмаған секілді.
Атақты ұстаз Сухомлинскийдің "күн бір тамшы суда көрінетіндіктен, ана мен әкенің адамгершілік тазалығы балалардан көрінеді" деген сөзін Ел басшысының сөз тұздығы етіп, "баланы отбасының айнасы" деп атауы, бала тәрбиесінде барлық жауапкершілікті балабақша мен мектепке жүктеп қоймай, ата-аналарды тәрбие жолында серіктестікке шақыруы да алдағы уақытта түйткілді мәселелерді шешуде көптің көкейіне қонды. Айтса айтқандай, көтерілген мәселелер –көкейдегі мәселелер. Тек көпшіліктен қолдау тауып, орындалуын тілейік.
Олай болса, білім саласындағы ең өзекті мәселелерді көтерген биылғы Тамыз кеңесі ұстаздар қауымының алдағы жаңа оқу жылына тың серпіліс , жаңаша бастамамен қадам басуына септігін тигізеріне мен сенімдімін.
Күлайша СҮЛЕЙМЕНОВА,
Арал қаласындағы №220 орта мектебінің директоры
Арал қаласындағы №220 орта мектебінің директоры