Қазалыда үйлер мен мекемелерді жарықсыз қалдырған серіктестік жауапкершілікке тартылды
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде "Сыр маржаны және К" ЖШС канал салу барысында экскаватор кернеуімен 10 мың вольт болатын электр желісінің сымдарына зақым келтірген. Соның салдарынан жоғары вольтты желіден ақау шығып, 182 жеке және 37 мекеме жарықсыз қалды.
Заң бойынша электр желілерін қорғау аймағында жер жұмыстарын жүргізу кезінде электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану ережелерінің талаптарын сақтау керек.
Аталған серіктестік сол талапты сақтамай, тұрғындарға залалын тигізіп отыр. "Сыр маржаны және К" ЖШС Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 302-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.