БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ МАҚСАТЫНДА САРАПШЫЛАР ТОБЫ ҚҰРЫЛДЫ
Сырдария ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық жұмысшы және сарапшылар тобы құрылды.
Мақаланы ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары бойынша арнайы спикерлер топтары жасақталып, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті арқылы қолдау шаралары және әлеуметтік желілерде оң пікірлер жариялануда. Халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін түрлі мәдени шаралар, бағдарламалар әзірленуде.
Елбасы мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қыркүйек айының соңында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға елімізге белгілі ғылым докторлары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысып, келелі ойларын ортаға салды.