КӘСІПКЕРЛЕР ТУҒАН ЖЕРДІҢ КӨРКЕЙУІНЕ ҮЛЕСТЕРІН ҚОСУДА
«Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сырдариялық кәсіпкерлердің қолдауымен бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Тереңөзек кенті орталығындағы саябақта орналасқан ескі мешіт ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қосымша ғимараты ретінде теңгеріміне берілді. «Құрметті азаматтар» аллеясы мен «Еңбек даңқы» музейіне аудандық бюджеттен 24 млн, демеушілерден 8,5 млн теңге жұмсалды.
Мәселен, «Еңбек даңқы» мұражайында Сырдария ауданының тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері, ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері мен ардагерлердің, түрлі салада жетістікке жеткен үздік қызметкерлердің өмірбаяндары бейнеленген. Ал, ауданның «Құрметті азаматтарының» аллеясы тақтасына, саналы ғұмырын ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, Кеңес Одағының Батырлары, Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының, Тыл және еңбек ардагерлерінің, Еңбек ерлерінің, Батыр аналарымыздың, өнер қайраткерлері мен сұлу сөзден күмбез қалаған ақын-жазушыларымыздың есімдері жазылды. Аудан бойынша тақтаға 99 «Құрметті азаматтың» тізімі жазылып, «Сырдария ауданының құрметті азаматы төсбелгісінің» белгісі қойылды.
Жергілікті кәсіпкер, «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қайрат Нұрсейітов Ақжарма ауылдық округіндегі ауылдық пошта бөлімшесі ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 13 млн теңге қаржы бөлді. Жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Елім деген азаматтың бірі – «Шаған-Жер» ЖШС төрағасы Бердібек Қадыров Шаған ауылындағы тарихи-өлкетану музейі құрылысына 7 млн теңге қаржы бөлді. Қазіргі таңда жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.