Қызылордада 56600 адамның қарызы кешірілді
Kyzylorda-news.kz. Үстіміздегі жылдың 30 шілдесінде екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар бойынша берешектерін есептен шығару жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының директоры Әсет Мұстафин мәлімдеді.
"Қызылорда облысында 56600 адамға 1419 миллион теңге көлемінде айыппұл мен өсімпұл есептен шығарылды. Ал Республика бойынша 1,2 миллион адамның 33 млрд.теңге көлеміндегі қарыздары тіркеуден алынды. Оның 70 пайызы банктер мен микроқаржылық ұйымдар қаражаты есебінен шығарылса, 30 пайызы Ұлттық банктің қаражаты есебінен өтелді", - деді Әсет Мұстафин.
Президент Жарлығы сәйкес кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша біржолғы тәртіппен көмек көрсетілді. Бұл санатқа: көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, атаулы мемлекеттік көмек алатындар және жетім балалар, 29 жасқа толмаған, ата-ана қамқорлығынан алған балалар жатады.
Осы ретте қарыз жүктемесінің өтелгендігі туралы ақпаратты enbek.gov.kz, egov.kz сайтына кіріп, өз ЖСН енгізу арқылы білуге болады. Сондай-ақ, 111 біріңғай нөмеріне хабарласу қажет. Егер көрсетілген нұсқаулық бойынша қажетті ақпарат ала алмаған жағдайда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне немесе Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көмегіне жүгіне аласыз.