Сырдариялық күрішшілер егін жинау науқанына кірісті
Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылдық округіндегі «Мәді Қажы» серіктестігінің күрішшілері егін жинау науқанына кірісті. Салтанатты шараға аудан әкімі Руслан Рүстемов қатысып, дала еңбеккерлерінің қуанышына ортақтасты.
«Ауылшаруашылық саласы – экономиканың негізгі драйвері. Сондықтан аграрлы ауданымызда ауылшаруашылық саласын дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шаруашылық құрылымдары жыл сайын Сыр маржанынан мол өнім жинап, ел қамбасы алтын дәнге толуда. Биылғы жылы да дала еңбеккерлері күріштен мол өнім жинайды деп күтілуде. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Техникалар да жаңарды. Ал,Шіркейлі ауылындағы "Мәді Қажы" серіктестігі 2200 гектар жерге күріш екті. Егілген күріш жайқалып өсіп тұр. Ендігі мақсат – елдің қазынасын ысырапсыз жинап алу. Жауапты жұмыста серіктестік қызметкерлеріне сәттілік тілеймін», - деді аудан басшысы.
Мұнан кейін даңқты күрішші, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 2 мәрте депутаты болған Бексұлу Синаев сөз сөйледі. Ауылшаруашылық саласының майталманы егіншілер үшін қазіргі сәтте әрбір минут маңызды екенін айтып, өзі еңбек еткен жылдардағы естеліктермен бөлісті.
Салтанатты шара барысында айтыскер-ақын Мұхтар Ниязов серіктестіктің игі жұмыстарына көңілі толатынын жеткізіп, еңбеккерлердің жоғары жетістіктерді бағындыруына тілектестігін білдірді. Күрішшілер қауымы дәнді баптаса, ақындар әнді әуелететінін айтып, екі сала мамандарын еңбек атты ұлы құндылық байланыстыратынын атап өтті.
Айта кету керек, Сейтқамал Сұлтанов басқаратын «Мәді Қажы» серіктестігінде бүгінде 241 адам еңбек етуде. Шаруашылықта 6 дана комбайн, 6 дана жатка, 11 дана ХТЗ, 15 дана МТЗ және 30-дан астам ауылшаруашылығы машиналары бар.