Шиеліде жас кәсіпкерлер бизнесті дамытуды үйреніп жатыр
Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» оқу курсын қаңтар айынан бастап 85 адам тәмамдаса, «Бизнес өсу» курсынан өтуге 5 кәсіпкер ниет білдірген.
Жыл басынан бері жалпы құны 2 млн 916 мың теңгені құрайтын 11 жоба грант жеңіп алған. Айта кету керек, оның 6-уы – жастар.
«Қаңтар айынан бастап 110 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқу курсынан өтіп, сертификаттарын алды. Дәл қазір жобаның 4-5 топтарында білім алып жатқан 134 тұрғын қазан айында аяқтайтын болады. Ал «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 115 адам оқу курсын аяқтаса, оның 34-і мемлекеттен грант жеңіп алып, жеке кәсібін бастап кетті. Аудан кәсіпкерлерінің арасында кәсіпкерлік мақсатында жер алуға өтініш берушілер саны көп. Осыған орай мамыр айында 33 жер учаскесіне аукцион ұйымдастырылған еді. Нәтижесінде 12675 688 теңгені құрайтын 21 учаске сатылды, – дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Шиелі ауданындағы филиалы басшысы Рысбай Нысанхан.
Айта кетейік, тамыз айында өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсының өңірлік көрмесіне Шиелі ауданынан 11 тауар өндіруші қатысып, «КНК Кемикал» ЖШС және «Шиелі Тас – Оңтүстік» ЖШС лауреат атанған. Алдағы уақытта аталған екі кәсіпорын Нұр-Сұлтан қаласындағы көрмеге қатысатын болады.