Медициналық сақтандыру: Енді жұмысшы жалақысынан 1 пайыз, жұмыс беруші 2 пайыз қаражат аударып отырады
Kyzylorda-news.kz. Елімізде келер жылы жаппай енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары түсіндірілуде. Естеріңізде жүрсін, енді жұмыс беруші 2 пайыз, жұмысшы жалақысынан 1 пайыз қаражат аударып отырады.
Министр есесіне, бәсекелестік күшейеді, дәрігерлердің жалақысы жоғарлайды, елімізде көптен бері шешілмей келген дәрі-дәрмек тапшылығы да жойылады дейді. Айту бір бөлек. Ал, ол қалай іске аспақ? Үлкен қалаларды айтпағанда, аудан, шалғайдағы ауылдарда тұратын тұрғындар, тегін ем-домға қалай қол жеткізеді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі жыл бұрын жобасы сызылып, ақыры іске асырыла бастаған медициналық сақтандырудан еліміз жаңа жылдан бастап түгел өтеді. Осы уақытқа дейін қорға жиналған қаржы 200 миллиард теңгеден асып жығылады. Алғашқы жарнаны Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды облысының жұрты салыпты. Қордағы қаржы неғұрлым артса, соғырлым емхана көбейеді. Дәрігерлердің жалақысы жоғарлайды.
«Сонымен қатар, бұрыннан елімізде келе жатқан денсаулық сақтау мәселелері, дәрі дәрмектің тапшылығы болды ғой? Сол тапшылықты әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы шешетін боламыз. Осы екінші пакетті 1 пакетпен келесі жылы 1 триллион 600 миллиард теңге жіберілетін болады. Қазіргімен салыстырсақ 60 пайызға жоғары болады», - дейді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Яғни денсаулық сақтау саласындағы біраз түйткілді мәселенің түйіні шешелмек. Науқасты емдеу жүйесі сапалы болмақ деп күтілуде. Қай аурухана немесе емханада адам көп емделсе, соған қордан қаржы көбірек аударылады. Демек, бәсекелестік басталады. Тек қор енді салыққа алақан жаймайды. Ол үшін әр адам шама шарқынша өз денсаулықтарын сақтандырып, тегін емделе алады.
«Мемлекет төлейтін 15 категория бар. Ол сан жобалағанда 11 миллион адамға сай. Олар міндетті түрде сақтандырылады. Оның ішінде балалар, студенттер, пенсионерлер, инвалидтер. Содан кейін 6 млн астам жұмыскерлер. Олар да міндетті түрде төлейді. Жаңа жылдан бастап жұмыс берушілер 2 пайыз. Жұмысшы 1 пайызын төлейді жалақысынан», - дейді міндетті әлеуметтік медициналық қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымов.
Жұмыссыздар да өздері үшін қорға қаржы жинауы әбден мүмкін. Тағы бір айта кететіні, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ауыр диагнозды науқастардың еш кезексіз, порталсыз емделуін де көздеп отыр. Жоба пилоттық режимде 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында іске асып, оң нәтижесін беруде.