KAZISS САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛДАРЫН БІР КІТАПҚА ЖИНАҚТАДЫ
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (KAZISS) «Нұрсұлтан Назарбаев - Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру» атты кітапты басып шығарды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған жинаққа танымал қоғам қайраткерлері мен шетел сарапшыларының мақалалары, сұxбаттары және пікірлері енді.
«Мысалы, академик Жабайxан Әбділдин диалектика мәселесін қозғайды. Ескі мен жаңаның қарым-қатынасы қандай болуы керек? Елбасының мақаласында таптаурыннан арылуымыз қажет деген мәселе көтеріліп отыр. Ал қазақты артқа тартатын қандай таптаурындар бар? Ол - жершілдік немесе рушылдық. Осындай таптаурыннан арылуымыз қажет. Бірақ диалектиканы қолданбасақ, таптаурын псиxологиядан арылу қиын. Ғалым Амангелді Айталы болса, діндарлық және имандылық жайында ой қозғайды. Біз діндарлық пен имандылықты ажырата аламыз ба? Шыны керек, кей кезде осы екі сөзді ажырата бермейміз. Имандылық - барша адамзатқа тән қасиеттер. Ал діндарлықты кез келген адамнан талап ете алмаймыз. Амангелді ағамыз имандылық жайында айта келе, орынды әрі дұрыс тұжырымдар жасайды. Мысалы, қазіргі жемқорлықтан күрес имандылық тұрғысынан танылуы қажет. Өйткені «біреудің мүлкін алма» деген - имандылықтың бірден-бір ұстанымы», - деді профессор Ғазиз Телібаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Бұдан бөлек, KAZISS Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру» мақаласында көрсетілген негізгі бағыттар бойынша анықтамалық-сараптамалық және әдістемелік материалдарды дайындап, жаңа жинаққа енгізді.
«Қазіргі руxани жаңғыру аясында ұлттық мәдениетімізді нарықтық бәсеке құралына айналдыруымыз қажет. Негізі, кез келген мемлекеттің тәжірибесіне зер салсақ, мәдениет сол мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік жаңғыруында үлкен рөл ойнаған. Дегенмен, кез келген мемлекеттің мәдени жаңғыру үлгісін көшіріп ала салуға болмайды. Ол киноны ала ма, дәстүрді ала ма, әдет-ғұрыпты ала ма, әлде дәстүрлі музыкасын ала ма, бұл - әрбір мемлекеттің өз таңдауы. Сосын көптеген мемлекеттерде мәдени жаңғыру үдерісі өзінің мәдени мұрасына деген көзқарастың тереңдеуімен ерекшеленеді. Ол мәдениет арқылы өзінің бәсекеге қабілетті екенін көрсете алатын деңгейге жетеді. Кітапқа енген ғалымдардың негізгі ойы да осы», - деп атап көрсетті KAZISS бөлім жетекшісі Алуа Жолдыбалина.
Айта кеткен жөн, «Нұрсұлтан Назарбаев - Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру» атты кітап 500 данамен басылып отыр. Бүгіннен бастап аталған жинақтың электронды нұсқасын KAZISS-тің ресми сайтынан жүктеп алуға болады.