Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ БІЛІМНІҢ МАЗМҰНЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ БІЛІМНІҢ МАЗМҰНЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

    Өткенге ауық-ауық қайта оралып, таразылап отыру адами азаматтық міндет. Еліміз егемендігін алып, шекарамызды шегендеген, сенімділігі нығайған ел болғанымызға жиырма алты жыл уақыт өтті. Тарихи тұрғыда бұл аз уақыт. Әйткенмен, барды бағалай отырып, қолға алынған жұмыстарды саралауға жеткілікті кезең. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы да бізді осыған үндейді.
    Екінші ширек ғасырға аяқ басқан уақытта тарихшылар өз міндетіне сай жұмыстар атқара білді. Ең бірінші кезекте, отандық тарихшыларда тақырыптық еркіндік қалыптасты. Бұл ретте тарихи тақырыптарға билік тарапынан шектеулер болды деп айта алмаймын. Егер, тыйым бар десек, оған тарихшылардың өзі кінәлі. Десе де, тарихшылардың бәрі бірдей емес. Жасыратыны жоқ, тарихи деректермен сөйлеп, көптің алдында жүргендердің барлығы дерлік кәсіби деңгейі жоғары деуге келмейді. Егемендік алған кезеңнен бері қарай ұлттық тарихта - тарихты жазушылар шоғыры қалыптасқан тұста мәселеге атүсті қарайтын, яғни жеңіл ойлайтындар қаптап кетті. Көшірмеге иек артып, өзін-өзі алдап жүргендер де аз емес. Мұның сыртында тарихи міндеттен гөрі қызмет жағалап, мансап қуғанды құп көрген тарихшылар шықты. Әлеуметтану ғы¬лымында "кәсіби деңгейі жоғары адам билікке ұмтылмайды" деген ұғым бар. Алайда, біздің жағдайда билік кәсіби ортада өзін дәлелдеген адамдарды билікке тартқанды қалайды, бірақ көп жағдайда оларды шындап тартуға саяси жігері жетпей жатады.
    Тарихшының міндеті - билік пен қоғам мүше¬лерінің тарихи талғамдарын қалыптастырып, өткеннен өнеге, тарихтан сабақ алғызу. Бұл міндетті толыққанды орындай алмай отырмыз. Оның өзіндік себептеріне биліктің де кінәсі болуы мүмкін. Бірақ бұл - тарихшылардың кәсіби және адами кінәсі. Айталық 1925 жылы кезінде қазақ зиялыларының кейбір өкілдері Қазақстанды басқаратын қазақ жоқ деп Филипп Голощекинді өздері шақырды. Неге? Себебі ат төбеліндей қазақ саяси элитасы бір шешімге келе алмай, бастары піспей, ақыры ұлттық апатқа алып келді.1986 жылы да саяси элитаның бұл кеселі қайталанды. Көріп отырғанымыздай, ұлттық саяси элитаның тарихтан сабақ алмай өз мүддесін жоғары қойғандығы байқалды. Бұл - саяси элита құрамының төмендігі мен сұрқайлануының көрінісі. Қазірде де биліктегілердің көпшілігіне "уақытшалық", пендешілік психология тән. Тіпті гені-тегі дұрыс емес адамдардың билік есігін табандылықпен қағып тұрғанына қай заман?! Сондықтан билікке баратын адамдардың кәсіби және адамгершілік сапасына қатысты табиғи іріктелу ұстанымы қатаң сақталыну керек.
    Әрине, 26 жыл ішінде салмақты тақырыптар көтеріліп, жаңа кітаптар жарыққа шықты. Дегенмен тәп-тәуір еңбек жазып жүрген тарихшылар шоғыры санаулы. Хангелді Әбжанов, Хазрет Тұрсынәлі, Жамбыл Артықбаев, Сәулебек Рүстемов, Досалы Салқынбек, Мәмбет Қойгелді сынды айтары бар тарихшылар, көзі қарақты оқырманға қажетті дүниелер жазып, тарихшы ретіндегі кәсіби міндетін атқарып жүр. Мәселе сан қуып жаза беруде емес, жаңа фактілерді ашуда және мәселені қоя білуде. Айталық, 1930 жылдары Қазақстандағы аштықтың саяси салдары белгілі. Неге бұл аштық Өзбекстанда немесе Қырғыз - Түркіменде болмады? Жауап іздесек, тақы¬рыпқа жаңа көзқарас әкелер едік. Қазір тарихқа қайта қараймыз деп, Алаш арыстарын тым дәріптеп жатырмыз. Тарихшы ретіндегі айтарым, ұлт үшін күрескен зиялыларды аса қатты дәріптеудің де, тезге салып сынаудың да қажеті жоқ. Зиялылардың ұлт алдындағы позициясын нақты көрсете білсек, келер ұрпақтың санасына жеткізе аламыз.
    Көне тарихта ұжымдық сана деген ұғым бар. Бір рудың батырын тек сол рудың ұрпақтары білуі мүмкін. Яғни, батырдың ерлігі тар шеңберде қалып қоймауы керек. Мұны барлық ру, барлық ел-жұрт түгел тануы тиіс. Әрине, жергілікті жердің батырларын ұлықтау шаралары мемлекет қаржысымен емес, сол батыр ұрпақтарының қаржысы есебінен жасалады. Батырларды еске түсіруді той деңгейінде қалдыруға қарсымын. Орнына тарихта текті батырдың бет-бейнесін толық ашатын кітап шығарып, оны насихаттау - маңызды іс. Тек бұл абыройлы істі саясатқа айналдырмау қажет. Аяқ суытып, ас ішіп өткізуді мұрат тұтпай, оның болмысын аша түсетін, насихатын шыңдай түсетін мұра болып қалар дүниелер жазылса, тарихтағы тұлғалардың есімін өшірмеуге өз ықпалын тигізеді.
    Тарихты жаңғырту, тарихтан тағылым алу ісінде кейде кәсіби тарихшылардың ішкі бостандықтарының жоқтығы аяқтан тартады. Білім беру саласында Кеңестік кеселді тәжірибе аясынан шыға алмай жүрміз. Кеңес жылдары мамандығы болмаса да, қоғамдық пәндер көп таңылатын (СОКП тарихы, ғылыми коммунизм т.б.). Қазір осы дәстүр өңі айналып қайта жалғасуда, нәтижесінде жоғары оқу орындарында студенттер үшін "керек емес" пәндер көбейіп кетті. Айталық, мықты маман даярлау үшін саланы жан-жақты меңгертудің орнына біз жалпыға міндетті деп қосымша қоғамдық пәндерді оқытамыз. Айталық, инженер, құрылыс, медицина т.б. мамандықтарындағы студенттер үшін гуманитарлық пәндерді бастырмалатып үстемелеу, жастардың өз мамандығынан жеруіне апаруы мүмкін. Бұл дұрыс емес.
    Патриотизм отбасынан басталады. Қазір мектептің 5-7 сынып оқулықтарына "Өлкетану" курсы енгізіліп отыр. Аталған кітапты шығарушы авторлардың бірі ретінде "Өлкетану" сабағының жас ұрпаққа берері мол екенін айта аламын. Негізінде "Өлкетану" тек тарихшылар жүргізетін сабақ деп қарамау керек. Әдеби өлкетану, тарихи өлкетану, қоғамдық өлкетану сынды салалары бар бұл пән - адамның ішкі нәзіктігін қажет етеді. Өлкетану курсының нәтижелілігі мектеп мұғалімдерінің шығармашылық ізденісіне байланысты.
    Түйіндей айтқанда, тарихтан тағылым алу үшін, өткен-кеткенді еске түсіру үшін сананы жаңғырту керек. Ал, сананың жаңғыруы білімнің ішкі мазмұнымен келеді.
    Қоғамды жаңғыртамыз десек, осы мәселеге баса мән беруіміз керек.
    Дастан СӘТБАЙ,
    тарих ғылымдарының докторы.

21 желтоқсан 2017 ж. 729 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области