21 қыркүйек: Атаулы күндер мен оқиғалар
Жыл сайын 21 қыркүйекте атап өтілетін Халықаралық бейбітшілік күні соғыс отын тоқтату мен зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырады.
Халықаралық бейбітшілік күнін БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1981 жылы бекіткен. 2002 жылдан бастап атап өтіледі. Халықаралық бейбітшілік күнін 21 қыркүйекте мерекелеу туралы шешім БҰҰ Бас Ассамблеясының 55 сессиясында (2001 жылғы 28 қыркүйегіндегі №A/RES/55/282 арнайы қарары) қабылданды.
Бас Ассамблея бұл күн бүкіл әлемде зорлық-зомбылықтан бас тарту және соғыс отын тоқтату күні болсын деп жариялады. Барлық елдерге осы күні әскери қимылдар жүргізбеу ұсынылды.
Жыл сайын 21 қыркүйекте БҰҰ-да, дәстүрге сай Бейбітшілік қоңырауы жанындағы салтанатпен басталатын, түрлі шаралар өткізіледі. Салтанат рәсімі БҰҰ Бас хатшысының арнау сөзімен басталып, сосын ол қоңырауды ұрады. Сонан соң бір минут үнсіздік орнап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сөз арнайды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Албания Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату туралы нота алмасу өтті.
1995 жылы Украина астанасы Киевте Абайдың 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар болып өтті.
1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің резиденциясында ресми сапармен келген Украина президенті Леонид Кучмамен кездесті. Н.Назарбаев пен Л.Кучма Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы келісім мен бірлескен коммюникеге қол қойды.
2001 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Ватикан қарым-қатынастарын дамытуға қосқан елеулі үлесі, екі мемлекет арасындағы сан тарапты байланыстарды орнатуға тигізген ықпалы үшін Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Анджело Соданоны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ҚР Ұлттық банкі «Менің Қазақстаным» тақырыбында үздік монета дизайнына байқау жариялады.