Соңғы «Союз - ФГ» зымыраны Гагарин ұшу алаңына тұрғызылды
Kyzylorda-news.kz. «Союз-ФГ» тасымалдаушы зымыраны Гагарин атындағы №1 старт алаңына тұрғызылды. Ол «Союз МС-15» басқарылатын кемесін алып ұшады. Бұл туралы Роскосмос хабарлады.

Роскосмос баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алғашқы старт күнінің бағдарламасы аясындағы жұмыстар басталды, мамандар соңғы техологиялық операцияларды жүргізіп жатыр. «Союз-ФГ» тасымалдаушы зымыранының жүйелері мен агрегаттарын ұшар алдында тексеріп алу сынақтары басталды.
Зымыранды старт алаңына шығару процедурасын көру үшін «Роскосмос» басшылығы, ғарышкерлердің отбасы мүшелері, ғарыш агенттіктері мен ғарыш-зымыран саласындағы кәсіпорындардың өкілдері, журналистер, туристер келді.
Алдағы старт «Союз-ФГ» зымырандарының соңғы – жетпісінші ұшуы болмақ. Бұдан тыс, зымыран Халықаралық ғарыш станциясына Біріккен Араб Әмірліктерінің тұңғыш ғарышкерін апарады. Содан кейін «Гагарин старты» жаңғырту үшін жабылады.
Жоспар бойынша, «Союз-ФГ» 2019 жылғы 25 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан уақытымен 19 сағат 57 минут 43 секундта ұшады.
Еске салайық, негізгі экипаж: ресейлік ғарышкер Олег Скрипочка, америкалық Джессика Меир және БАӘ өкілі Хаззаа әл-Мансуриден тұрады.
Олардың дублерлары - Сергей Рыжиков, Томас Маршбёрн және Сұлтан әл-Неяди.
