Қызылорда облысында дін саласындағы өзекті мәселелер түсіндірілуде
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында іссапармен жүрген РАТТ мүшесі, «Kazislam» порталының редакторы Тұрар Әбуов аймақ тұрғындарымен кездесіп, дін саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіруде. Сондай-ақ, өңірдегі мешіт жамағаттарына еліміздегі діни ахуалдың жай-күйі, елдің бірлігі және дін атын жамылған ағымдардың қоғамға қауіптілігі туралы баяндауда.
Алдымен Қазалы ауданындағы «Қожаназар ишан», «Әли-Мұса» мешіттерінің жамағатымен кездескеннен кейін, дінтанушы Тұрар Түгелұлы ауданның мешіт имамдарына дәріс оқыды.
Имамдарға мемлекеттің дін саласындағы саясатын, елдегі конфессияаралық келісімді сақтау, мемлекеттің зайырлылық ұстанымын кеңінен сөз етті. Сонымен қатар дінтанушы сол күні Арал аудандық орталық мешітінің жамағатымен құптан намазының алдында кездесу өткізіп, жиналғандарға радикализмнің алдын алу, жастардың бойында деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру, жамағат бірлігі мен мұсылманның көркем мінезі туралы әңгімеледі.
«Діни санасы дұрыс қалыптасқан тұлға – отанды сүюді, өмір сүріп отырған ортаңды қастерлеуді, мемлекет заңдарын ұстануды, үлкенді құрметтеуді, кішіге ізетті болуды біледі. Тіпті мұндай тұлға ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген кемел азамат болары да сөзсіз. Бүгінде кейбір азаматтарымыз деструктивті көзқарастарын өзгелерге тықпалап, келіспеген жағдайда кінәлап, айыпты санайды. Бұл оның діни санасының дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Егер адамның діни санасы дұрыс қалыптасса – онда ол өзге адамдардың да діни сеніміне құрметпен қарайды және олардың еркіндігін бағалай да біледі» – дейді Тұрар Түгелұлы.
Айта кетейік, Тұрар Әбуов Қызылорда облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде алдағы күндері Сексеуіл және Жақсықылыш кентіндегі мешіттің жамағатымен кездесу өткізеді. Сондай-ақ, Арал кентінде, Қармақшы ауданында өтетін конференция жұмысына қатысады деп жоспарланған.