Қазақстанның қай өңірлерінде жалақы жоғары
Kyzylorda-news.kz. HeadHunter интернет-сервисі Қазақстанның қай қалалары ең көп жалақы төлейтінін және қазіргі таңдағы аса сұранысқа ие мамандықтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығындағы мәліметтерге жасалған талдаудың нәтижесі бойынша, бос жұмыс орындарын ұсынатын белсенді өңірлердің қатарына Алматы (43,29%), Нұр-Сұлтан (20,37%), Қарағанды (5,98%), Атырау (5,66%) және Шымкент (4,07%) қалалары енді.
Жұмыс берушілер келесідей салаларда вакансияларды жиі орналастырады: сауда-саттық (25,16%), бухгалтерия, басқарушылық есеп-қисап, кәсіпорындардың қаржысы (11,60%), әкімшілік персонал, банктер, инвестициялар, лизинг (9,15%), ақпараттық технологиялар, ғаламтор, телеком (9,04%).
HeadHunter индексіне сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Петропавл, Павлодар, Өскемен, Қостанай, Қарағанды қалаларында бір бос жұмыс орнына 4 үміткерден келеді. Бұл, еңбек нарығының қалыпты жағдайын көрсетеді.
Орал, Талдықорған, Шымкент, Түркістан, Көкшетау қалаларында бір вакансияға 4-6 түйіндеме жіберіледі. Бұл, еңбек нарығы жағдайының күрделілігін білдіреді. Ал Ақтөбе, Ақтау, Тараз және Қызылорда қалаларында жұмыс іздеушілер арасында бәсекелестік деңгейі жоғары.
Сондай-ақ интернет-сервис айлық еңбекақы бойынша мәліметтерді ұсынды.
Қазақстан батысындағы қалалар жалақы мөлшері жағынан алдыңғы қатарда тұр. 2 млн теңге көлеміндегі жоғары жалақыны Атыраудың жұмыс берушілері ұсынады. Сондай-ақ, қомақты еңбекақы төлейтін қалалардың қатарында Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан бар.
Ал Тараз, Түркістан, Шымкент шаһарлары кестенің ең соңғы орнында орналасқан. Мұндағы ең жоғары жалақы мөлшері 500-540 мың теңгені құрайды.